Премьер-Министр: Саран тәжірибесі бойынша индустриялық аймақтар құру қажет.
Үкімет отырысында Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов моноқалалар әкімдіктеріне кәсіпкерліктің өсуі үшін жағдай жасауды тапсырды. Бұл тәсілдің тиімді екенін Саран қаласы үлгі ретінде көрсетті.
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, өңірде 2021 жылы Индустриалдық аймақ құрылғаннан кейін оң динамика байқалды: қала бюджетіне түскен салықтық аударымдар 4,5 есеге артты, 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды және көлік құралдарын, автомобиль дөңгелектерін, полиэтилен құбырларын, тұрмыстық техника шығаратын бірқатар өндіріс орындары ашылды.
«Саран қаласы айтарлықтай түрленді. Даму көрсеткіштері жоғарылады», – деді Олжас Бектенов.
Ұлттық экономика министрлігінің жоспарына сәйкес, осы бағыттағы жұмысты әрі қарай жалғастыру
үшін еліміздің бірнеше моноқаласында өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтарды құру көзделген. Сондай-ақ бүгінде Ақтөбе, Қарағанды және Атырау облыстарының әкімдіктері тиісті жобаларды жүзеге асырып жатыр.
Олжас Бектенов: ірі кәсіпорындар ШОБ-ты қолдап, оларға қосымша қызметтер беруі тиіс
Отандық өндірісті ынталандыру үшін Премьер-Министр жыл соңына дейін ірі кәсіпорындардың шағын және орта бизнес субъектілерімен жасалатын оффтейк-келісімшарттарының санын кем дегенде екі есеге арттыруды тапсырды.
Егер бұрын бұл жұмыс ерікті түрде жүргізілсе, қазір заңнамада ірі кәсіпорындардың айналасында ШОБ белдеуін құру және олармен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасу міндеті бекітілген.
Бүгінгі таңда ірі тапсырыс берушілер мен отандық өндірушілер арасында моноқалаларда 24,5 млрд теңге сомасына 20 ұзақ мерзімді шарт және 47,3 млрд теңгеге 13 оффтейк-келісімшарт жасалды. Үкімет басшысы бұл шаралар жеткіліксіз екенін атап өтті.
«Ірі компаниялардың айналасында шағын және орта бизнес субъектілерінің белдеуін дамыту қажет. Бұл ірі компаниялардың міндеті болуы керек. Үкімет тарапынан оларға көмек көрсетілуде. Өз кезегінде олар қарсы міндеттемелер қабылдауы керек», — деді Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов.
Олжас Бектенов: Қосалқы өндірістерді бизнеске беру моноқалалардың экономикасын әртараптандыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етеді
Елімізде моноқалаларда шағын өнеркәсіптік аймақ құрылады. Премьер-Министр Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі іс-шаралар жоспарын әзірлеуде.
Бүгінде еліміздің 20 моноқаласында қазір 1,3 млн-нан астам адам тұрады. Олардың әлеуетін дамыту үшін табыстарды арттырып, жұмыс орындарын көбейту бойынша шаралар, нақты іс-қимылдар қажет. Аталған міндет өндірістерді кеңейту, жаңа жобаларды іске қосу, бизнеске қолайлы жағдайлар жасау, жас мамандарға жағдай жасап, әлеуметтік пакеттер ұсыну арқылы жүзеге асады.
Моноқалаларда жайлы тұрмыс жағдайын қамтамасыз етуде әкімдіктер инфрақұрылым объектілерінің тұрақты жұмысына ерекше назар аударуы керек. Олардың көпшілігі әбден тозған.
Премьер-Министр атап өткендей, облыс әкімдіктері жағдайды жақсарту үшін қажетті шаралар қабылдаған жоқ. Сондықтан қалыпты тұрмыс жағдайы мен қызметтерді қамтамасыз етуге баса назар аудару керек. Бұлар – инфрақұрылым, тұрғын үй құрылысы мен оларды жөндеу және білім беру мен медициналық қызметтердің қолжетімді болуы.
Моноқалаларда өндіріс орындары бар компаниялар да корпоративтік әлеуметтік жауапкершіліктері туралы ұмытпауға тиіс. Оның ішінде, жұмыскерлердің құқықтарын қорғауға, өндірісті кеңейтуге, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік бастамаларға бірінші кезекте назар аудару қажет.
Жұмыс орындары бойынша ірі кәсіпорындарға тәуелділікті азайту жергілікті жерлерде шағын кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік береді.
«Шағын және орта бизнесті дамыту – барлық моноқалалар үшін өзекті. Қосалқы өндірістерді бизнеске беру моноқалалардың экономикасын әртараптандыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етеді. Әкімдіктер компаниялармен бірге осындай жобаларды жан-жақты пысықтап, кәсіпкерліктің өсуіне жағдай жасауға тиіс. Қазіргі уақытта моноқалаларда бос тұрған өндірістік алаңдар бар. Оларды пайдалану керек. Өнеркәсіп министрлігі екі аптаның ішінде моноқалалардағы бос тұрған алаңдарда шағын өнеркәсіптік аймақтарды құруға байланысты нақты ұсыныстар енгізсін», — деп тапсырды Үкімет басшысы.