«Көне дәстүр күмбезі» ұлттық салт-дәстүрлер фестивалін Жалағаш ауданы Бұқарбай батыр ауылдық мәдениет үйі мен М. Шәменов ауылдық мәдениет үйі жалғады. Бұқарбайлық өнерпаздар Дәуімбай елді мекеніндегі рәміздер аллеясында «Құттық» дәстүрін қойылымдарына арқау етсе, Шәменов ауылынан келген өнерпаздар орталық алаңда «Танабау» ұлттық салт-дәстүрін сахналады.«Құттық» – келін түсірген үй құда-құдағиларын аттандырған соң орындалатын дәстүр. Бұл дәстүр бойынша ауылдың оң жақта отырған бойжеткендері келіп, «құтты болсын» айтып, арнайы дәм әкеліп, сый жасайды. Тиісінше қыздар өздеріне лайықты әшекей немесе ыдыс-аяқтан сый сұрайды. Түсінгеніміздей, бұл дәстүр «құтты болсын», «құт әкелсін» деген ниеттен, ізгі ойдан туған.

«Танабау» – танабау тағуды бала ержетіп, тірлікке жарап, үлкен көмек бере бастаған сәттен бастайды. Яғни, ұл бала алғаш рет әкесіне, қыз бала анасына ілесіп, түрлі жұмысқа қолғабыс етіп жүргенін көрген жақындары, туған-туыстары мен көрші-қолаңдары «Ұл-қыздарың қолғабыс етуге жарапты, шаруа атқаруды сеніп тапсыра берсең болады екен» деп балаға түйме-тана, білезік тағы жібереді. Кейде оны көпшіліктің атынан немесе туыстарының атынан бір кісі арнайы барып тағады.

Салт бойынша «танабау» тағылған баланың ата-анасы да өз кәдесін жасауы тиіс. Этнограф Болат Бопайұлының айтуынша:

“Бұл дәстүр сақ, ғұн дәуірлерінен бастау алады. Қазақ халқы төрт түлік малды бағалай білген, бұрын жаңа туған төлдерге тана тағылған екен. Жаңа туған төл әлсіз болып, шетінен бәрі қырылып қала берген ғой. Соған байланысты тана, моншақ тақса, ол тұмар қызметін атқарған. Бұл – қазақтың ырымы. Бұл біртіндеп төлдерден бөлек, жаңа туған нәрестелерге де тағыла бастады”, – дейді жазушы-этнограф.

Осылайша, өз алдына бір дәстүрге айналған бұл түйме қыз бала үшін жәй ғана сәндік қызметін атқармайды.

“Осы кішкентай түйменің атқарар рөлі зор болған. Қазақта тұмар деген бар ғой. Міне, осы түйме қыз баланың тұмары саналған. Яғни, ол бірден екі қызметті атқарады. Бір жағынан, ол қыз балаға көрік сыйласа, екінші жағынан тіл-көзден сақтаған. Бөгде адамдардың тіл мен көзі сол танаға түседі де, баланы залалдан аулақ қылады деп білген”, – дейді Болат Бопайұлы.

«Бұқарбай батыр ауылдық мәдениет үйі», «Шәменов ауылдық мәдениет үйі» желісі үзіліп бара жатқан осы салт-дәстүрлерді қайта жаңғыртып, ыстық ықыласқа бөленді.

БӨЛІСУ