Кеше Арал ауданы бойынша білім бөлімінің кубогы үшін мектеп директорлары мен орынбасарлары арасында футзалдан аудан біріншілігі өтті. Биыл алғаш рет жалауын желбіреткен теңбіл доп бәсекесіне 5 команда қатысып, өзара бақ сынады. Олар: Арал қаласы, Жол бойы, Жетес би, Сексеуіл және Сыр бойы командалары.

Салауатты өмір салтын насихаттап, әріптестік және достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында ұйымдастырылған шараға Арал ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы Санира Жанназарова қатысып, ойыншыларға сәттілік тіледі.

Жарыс айналмалы жүйесі бойынша өткізілді. Нәтижесінде жүйелі ойынымен қарсылас шақ келтірмеген Арал қаласының командасы чемпион атанды. Ал Жол бойының жігіттері жүлделі екінші орынды қанағат тұтса, Жетес би командасы үздік үштікті қорытындылады.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің атынан естелік сыйлықтар мен кубок табысталды.
#аралауданы

БӨЛІСУ