Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мирзанова Мая Миранбайқызының төрағалығымен қызылша ауруының эпидемиологиялық ахуалын тұрақтандыру мәселелерін талқылау бойынша штаб отырысы болып өтті.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласы мен денсаулық сақтау басқармасы мамандары, медицина ұйымдарының басшыларының қатысуымен өткiзiлген жиында қызылша ауруының алдын алу жұмыстарының барысы, вакцинациялау көрсеткіштері, екпеден бас тартушылармен тиімді жұмыс жасау әдістері, ауруды диагностикалау мен емдеу алгоритмдері, дәрі-дәрмектер мен төсек орындар қоры, науқаспен қарым-қатынаста болғандарды медициналық бақылауға алу алгоритмдері пысықталып, проблемалық мәселелер бойынша тиісті ұсыныстар айтылды.
Сондай-ақ штаб отырысында ағымдағы жылдың 6 қарашасынан бастап 1-ші этапта басталатын 6 ай мен 11 айға дейінгі сәбилерді қосымша иммундауға дайындық шаралары, екпе кабинеттері мен егу бригадаларының жұмысы, қосымша төсек орындарын жабдықтау сұрақтары, ауруханаларға карантиндер, шектеулер қою қажеттіліктері, екпеге қарсы ата-аналармен түсіндірме жұмыстарын жүргізу бойынша өзекті сұрақтар қаралды.
Айта кетейік, 2023 жыл басынан бері Қызылорда облысында лабораториялық зерттеу нәтижесімен нақтыланған қызылша ауруының 708 жағдайы тіркелген. Науқастардың 611 жағдайы 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталса, 163-i 1 жасқа толмаған сәбилер арасында, 97-сi ересек арасында анықталып отыр.
Қызылша індетіне шалдыққандардың басым бөлігі ауруға қарсы екпе алмағандар болып отыр, олардың саны жалпы сырқаттанушылықтың 67%-ын құрады.

БӨЛІСУ