Қала әкімдігінің баспасөз орталығында қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ерлан Ұзақбаевтың, облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры Мария Жарекешованың, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Айна Мухамбетова мен “Ұлттық сараптама орталығы” Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Фарида Қалиеваның қатысуымын баспасөз конференциясы өтті.

Брифинг барысында спикерлер Қызылорда қаласында тұмау және жіті респираторлық вирустық инфекцияларының эпидемиологиялық жағдайы мен олардың алдын алу мақсатында атқарылып жатқан шараларға тоқталып өтті.

Жыл сайын күзгі-қысқы уақыт кезеңінде тұмау және басқа да жіті респираторлық вирустық инфекциялармен сырқаттанушылықтың маусымдық өсуі байқалады. Қала көлемінде 1 қазаннан бастап жүргізілген есеп бойынша аурушаңдықтың 6029 оқиғасы тіркелген.

Осы орайда, қалада орналасқан барлық емдеу-сауықтыру және білім мекемелері ЖРВИ және тұмау жөніндегі эпидемияға қарсы іс-шараларды қамтамасыз ету алгоритмдерімен жұмыс жасауда. Сондай-ақ, ауруханалар мен емханалар тұмауға қарсы дәрі-дәрмек қорымен толық қамтамасыз етілген.

– Тұмау ауруының немесе оның асқынуының алдын алудың ең тиімді жолы – вакцинация. Қазан айынан бастап 38 325 адам тұмауға қарсы алдын ала егілді. Тұмау, жедел респираторлы вирустық инфекцияларының ауыр ағымдағы және пневмонияға шалдыққан науқастарды тұмау ауруына зертханалық зерттеу «Ұлттық сараптама орталығы» Қызылорда облысы бойынша филиалының вирусологиялық зертханасында жүргізіледі. Эпидемиялық маусымында арушаңдықтың көрсеткішінің өсуіне байланысты зертхана жұмысы жандандырылады. Осы ретте, қала тұрғындарынан вирустық инфекцияның белгілері пайда бола бастаған сәттен бастап дәрігерге жүгінуге кеңес береміз, – деді басқарма басшысы Ерлан Амантайұлы.

БӨЛІСУ