Арал ауданы әкімі Серік Сермағамбетов жұмыс сапарымен Жетес би, Қосжар ауылдық округтеріндегі әлеуметтік нысандардың жылу беру маусымына дайындық барысын саралады.

Алдымен аудан басшысы Жетес би ауылдық округінде болды. Жаңадан сайланған ауыл әкімін елді-мекен тұрғындарына таныстырып, қызметіне сәттілік тіледі.
Айта кетейік, үстіміздегі жылдың 3-қыркүйегі күні ауыл әкімінің сайлауы өтіп, онда тұрғындардың басым дауысымен Райымбай Жолмырзаев жеңіп шыққан болатын. Райымбай Жолдасұлы 1972 жылы Райым елді мекенінде дүниеге келген. Білімі жоғары. 1990 жылдан бастап білім беру саласында еңбек етіп келеді. 2017-2023 жылдары №281 негізгі мектебінің директоры қызметін атқарған.
Мұнан соң аудан әкімі №72 орта мектепте болып, білім ұясының қысқы жылыту маусымына дайындық барасын бағамдады. Тиісті сала басшыларына отын қорын жинақтау мен дайындық шараларына ерте бастан қамдану керектігін айтты.
Жұмыс сапар Қосжар ауылдық округінде жалғасты. Онда аудан басшысы ауыл тұрғындарымен кездесіп, теңізді өлкеде атқарылып жатқан толымды тірліктерді ортаға салды. Сондай-ақ алдағы атқарылар жұмыстар легін тізбектеп өтті.
Аудан басшысы елді-мекендегі әлеуметтік нысандардың жұмыс барысын саралап, халық үшін қажетті деген ғимараттардың тоқтаусыз жұмыс істеуін, оның ішінде білім беру мен медициналық орталықтардың қысқы маусымда отын қорымен толық қамтамасыз етілуін ұдайы бақылауда ұстау қажеттігін тапсырды.

БӨЛІСУ