Қала әкімі Асылбек Өмірбекұлы Қарауылтөбе ауылдық округінде күрішке орақ түсу рәсіміне қатысты.
Ы.Жақаев атындағы қазақ күріш ғылыми зерттеу институты 1051 гектар аумаққа егін еккен. Оның 821 гектары күріш, 191 гектары мал азықтық дақылдар, 35 гектары қант құмайы. Ал, жаңа сорттардың қатарында Айсара мен Маршал, Рапан бар. Диқандар күріштің әр гектарынан 55 центнерден өнім алуды жоспарлап отыр.
Жалпы, Қызылорда қаласы бойынша биылғы жылы барлығы
9079 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды.
Оның ішінде, негізгі дақыл күріш 4136 гектар, бидай 119 гектар, қант құмайы 75 гектар, көкөніс 1331 гектар, картоп 500 гектар, бақша 990 гектар, жаңа жоңышқа 249 гектарға егілсе, ескі жоңышқа 1679 гектарды құрады.
Егілген 119 гектар бидайдан 107,1 тонна өнім жиналып, орта өнім 9 центнерден келді.
Шаруашылық құрылымдары бойынша мал азықтық жоңышқа шөбін дайындауда 1928 гектар жоңышқадан
6 772 тонна шөп жиналды.
Қазіргі таңда, картоп, көкөніс, бақша дақылдарын жинау жұмыстары жүргізілуде.
Бүгінгі күрішке орақ түсу рәсімінде ауыл ақсақалдары батасын беріп, шаруашылықтардың жұмысына сәттілік тіледі.