Бүгін спорт күні мерекесіне орай аудан әкімінің міндетін атқарушы Арнұр Нұрмағанбетов аудан спортшыларын және сала ардагерлерін қабылдады. Сала ардагерлері мен спорт саңлақтарын мерекелерімен құттықтаған аудан әкімінің міндетін атқарушы Арнұр Нұрмағанбетов саладағы бірқатар жетістіктерді де атап өтті. 

– Осы жылдан бастап тамыз айының үшінші жексенбісінде атап өтілетін бұл мереке тек спортшылар мен жаттықтырушылар ғана емес, дене тәрбиесі мен спортты насихаттайтын барша қазақстандықтар үшін ерекше мереке. «Спорт – денсаулық кепілі!» қағидасын берік ұстанған мемлекетіміз ел халқының ойы сергек, дені сау болуы үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасауда.
Ал аудан спортшылары республика көлемінде ғана емес, халықаралық деңгейде де биік нәтижелерге қол жеткізіп, аудан абыройын асқақтатуда. 2023 жылдың І жартыжылдығында спортшыларымыз Республикалық және Халықаралық жарыстарға қатысып, ҚР чемпионаттарында 7 алтын, 2 күміс, 1 қола медальдарды жеңіп алса, облыстық жарыстарда 22 алтын, 13 күміс, 20 қола медальдарды иеленді, – деген Арнұр Әлібекұлы саладағы әрбір жетістік аудан үшін ортақ мақтаныш, ортақ абырой екенін атап өтті.

Сонымен бірге Арнұр Әлібекұлы «Наркескен» спорт клубының тоғызқұмалақ бөлімінің жаттықтырушысы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Кенжебекова Ақерке Батырбекқызы жуырда Монғолияның Баян-Өлгей қаласында 9 елден 200-ден астам спортшылар қатысқан тоғызқұмалақтан өткен VI Азия чемпионатында алтын жүлде иегері атанғанын атап өтіп, алдағы уақытта да жеңісті күндердің көп болатынына сенім білдірді. Мұнан бөлек спорт ардагерлері Сұлтан Бекжанов, Қуандық Ахметовтер мерекенің маңызына тоқталып, жас спортшыларға сәттілік тіледі.

Айта кетейік, қазіргі таңда ауданда спорттың әр түрімен айналысатын 150 арнайы орын, спорт залдары мен алаңдары жұмыс істейді. Балалар мен жасөспірімдерді, аудан тұрғындарын спортқа тарту бағытында 178 спорт мамандары еңбек етіп келеді. Аудандағы екі спорт мектебінде 1592 бала өзі қалаған спорт түрімен айналысуда.

БӨЛІСУ