Қызылорда қаласына қарасты Белкөл кентінде орналасқан «KZO-Ет» шаруа қожалығы ірі қара мал өсірумен және оны өңдеп, сатумен айналысып келеді. Қазіргі таңда мұнда 150 бас жылқы, 250 бас ірі қара мал басы өсірілуде.

Шаруа қожалығы малды борқылау базасымен, сою цехымен, қойма бөлмелерімен қамтамасыз етілген. Халықтың сұранысына сәйкес малдың бастары сойылады. Шаруашылықтың 6 дүкені бар, оның екеуі әлеуметтік дүкен. Осы дүкендер арқылы сиыр еті 2000 теңгеден, жылқы еті 2300 теңгеден сатылуда. Бұдан басқа, дүкен сөрелерінде ет өнімдері, қазы-қарта, өкпе, бауыр сатылуда.
Өз кезегінде, «KZO-Ет» кәсіпорыны шаруашылық құрылымдарымен тікелей байланыс орнатып, делдалсыз мал қабылдайды. Нәтижесінде, мал өткізуші кәсіпкерлермен де тиімді жұмыс жасауда.
Шаруашылықта 30 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген.
Айта кету қажет, ата кәсіппен айналысқан «KZO-Ет» шаруа қожалығы халықты таза ет өнімдерімен қамтамасыз ете отырып, халықтың сұранысына ие болып келеді.

Сыр өңірінде мал шаруашылығы саласында оң динамика қалыптасып, мал басы тұрақты өсіп, өндірілген өнім көлемі артуда.
Облыс бойынша биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында 390,4 мың бас мүйізді ірі қара, 725,7 мың бас қой мен ешкі, 214,9 мың бас жылқы, 58,7 мың бас түйе және 124,2 мың бас құс тіркелген. Есепті кезеңде 6,1 мың тонна ет (тірі салмақта), 11,4 мың тонна сүт және 0,7 млн дана жұмыртқа өндіріліп, 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ет өндірісі 2,7 пайызға, сүт өндірісі 1 пайызға артты.

БӨЛІСУ