Қызылорда қаласының тұрғыны Талант Сақтаған қазіргі таңда лазерлік кесу технологиясы арқылы ағаштан түрлі бұйымдар жасап, тұтынушылардың көңілінен шығып жүрген кәсіпкер, әрі қолөнер шебері. Ол 2020 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде 2 млн көлемінде мемлекеттік грантқа ие болды. Таланттың кәсібі – лазермен ағашқа ойып жазу. Грант қаражатына сатып алған қондырғының көмегімен ағаштан тойбастар, кәдесыйлар жасайды. Тапсырыстар ептеп емес, көптеп түсіп жатыр екен.
– Ағаштан ойып жасаған алғашқы затымыз – оқушылар қолданатын кәдімгі сызғыш. «Мұндай кеңсе тауарының түрі-түрі дүкенде самсап тұр» дерсіз. Біздің өнімнің ерекшелігі сол, арнайы тапсырыспен, балалардың есімін ойып тұрып жасаймыз. Әрі бағасы қолжетімді. Жұмысты бастағанымызға аз уақыт болса да, өнімдерімізге сұраныс артып жатыр. Кәсіпкерлікте ең алдымен өз ісіңді жақсы көру керек. Қазір ғаламтор арқылы көптеген идеяларға қол жеткізуге болады. Тек ерінбей жалықпай еңбектене білсеңіз болғаны, – дейді кәсіпкер.
Шығармашылығын дамыта келе, тапсырыс берушілердің сұранысына орай ағаштан қойын дәптер, жұмыс үстеліне қажет органайзер, түрлі кәдесыйлар жасауға көшті.
Сонымен қатар кейіпкеріміз лазерлік кесу технологиясы арқылы соңғы кездері ағашқа шежіре жазу тәсілін меңгерді. Бұл жерде әр отбасының руы, ата-бабалар тізімі жарияланады. Бұл ұрпақтан ұрпаққа естелік, әрбір шаңырақтың төрінде ілулі тұруы тиіс мұрағат десек болады.