Қызылордалық кәсіпкер Жапониядан біліктілігін арттырып келді.
Қызылордалық «Абай Дәулет» ЖШС директорының орынбасары Жасұлан Тұрлыбеков жақында Жапонияға барып, JICA халықаралық әріптестік агенттігі ұйымдастырған оқыту бағдарламасы арқылы біліктілігін көтеріп келді. Оның сапарына қажет құжаттарды Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының мамандары әзірлеп берді.
Жыл басында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына JICA халықаралық әріптестік агенттігінен жапондық бизнес өкілдерімен іскерлік байланыс орнату үшін қазақстандық кәсіпкерлерге арналған тегін оқыту бағдарламасын бірге ұйымдастыру жөнінде хат түседі.
Халықаралық агенттік күріш өсіру және өңдеумен айналысатын кәсіпорын өкілдерін маусым-шілде аралығында өтетін «Жапон тәжірибесі арқылы бизнестің әлеуетін дамыту» тақырыбындағы оқытуға шақырды.
«Біз бұл ұсынысты өңірдегі аталған салада қызмет көрсететін кәсіпкерлердің барлығына жолдадық. Ұсынысымызға «Абай Дәулет» ЖШС-і қызығушылық танытып, қатысуға ниет білдірді», – дейді Кәсіпкерлер палатасының бөлім бастығы Алма Пірманова.
Кәсіпкерлер палатасының мамандары ұйымдастырушы тараппен байланысып, кәсіпорынның ұсынған өкілінің құжаттарын әзірлеп берді. Нәтижесінде «Абай Дәулет» ЖШС директорының орынбасары Жасұлан Тұрлыбеков 10 маусым мен 2 шілде аралығында Жапонияда біліктілігін арттырып келді.
«Қазақстаннан оқуға 7 азамат бардық. Оның үшеуі біздің өңірден. Біз тек шет елге барып-келу, яғни ұшақтың шығынын ғана өтедік. Қалған оқу, жатын орын – барлығын Жапониядағы ұйымдастырушы компания өздері қамтамасыз етті. Бір айға жуық уақытқа созылған шарада өзіміз секілді күріш өсіру және өңдеумен айналысатын компаниялардың жұмысымен таныстық.Технологияның мүмкіндігімен өнімділікті арттыру әдістерін көрдік. Өте жақсы тәжірибе болды. Осындай мүмкіндік берген Кәсіпкерлер палатасына алғысымыз шексіз», – дейді Жасұлан Тұрлыбеков.
Кәсіпорын өкілі оқу барысында алған тәжірибесін компанияда қолдану мүмкіндіктерін қарастырып жатқанын жеткізді.