Балық шаруашылығын дамытудың 2021 – 2030 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру барысы туралы қысқаша шолу

Қазіргі уақытта «Балық шаруашылығын дамыту мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 5 сәуірдегі № 208 қаулысымен бекітілген Балық шаруашылығын дамытудың 2021 – 2030 жылдарға арналған бағдарламасы іске асырылуда.

Жалпы 2021-2030 жылдары болжамды есептеулер бойынша Бағдарламаны іске асыруға 541,3 млрд. теңге, оның ішінде мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен 200,7 млрд. теңге және бюджеттен тыс қаражат есебінен 340,5 млрд. теңге қажет болады.

Бұл ретте, балық шаруашылығын субсидиялауға 2021 жылдан 2023 жылға дейін 5,6 млрд. теңге бөлінді.

Мәселен, 2023 жылдың өткен кезеңінде балық шаруашылығы субъектілері 600 млн. теңгеден астам сомаға субсидия алды.

Қазіргі уақытта ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасының балық ресурстарын сақтау, өсімін молайту және орнықты пайдалану, мемлекеттік қолдаудың жаңа шараларын енгізу, сондай-ақ ғылыми және кадрлық қамтамасыз етуді күшейту жөніндегі шараларды көздеу бөлігінде өзгерістер пысықталуда.

Бағдарлама іс-шараларының практикалық іске асырылуы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экология және табиғи ресурстар министрлігінің бақылауында.

Қызылорда облысында тауарлы балық өсіру және сирек кездесетін балық түрлерін көбейту мақсатында 2 тоған шаруашылығы құрылды.

Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі аталған шаруашылықтарда сазан, ақ амур, дөңмандай және африкалық жайын сынды балық түрлері өсіріліп жатыр. Сондай-ақ облыста 2030 жылға дейін 12 мың тоннадан асатын балық шығаратын 16 шарбақтық шаруашылық пен 1200 тонна тауарлы балық өсіретін 12 тоғандық шаруашылық құру жоспарланған.
Балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында 55 тауарлы су айдыны мен 4 тоған шаруашылығы жұмыс істеп жатыр. Жалпы, аталмыш бағдарлама шеңберінде 2030 жылға дейін облыста 16 мың тонна балық өсіру межеленіп отыр. Осыған сәйкес, 15 су айдыны кәсіпшіліктен көл тауарлыға ауыстырылды. Сонымен қатар, балық шабақтарын құтқару және қырылу қаупінің алдын алу бойынша белсенді шаралар жүргізілді.

Атап айтқанда, Сырдария және Жалағаш аудандарында жауапты мамандармен бірлесіп, заңсыз балық аулауға қарсы кезекшілік ұйымдастырылды. Осы жұмыстардың арқасында 8 млн данадан аса балық шабақтары құтқарылды. Одан бөлек, «Таза су айдындары» табиғатты қорғау акциясына 500-ге жуық адам қатысып, су айдындарынан 44 тоннаға жуық әртүрлі қоқыс қалдығы шығарылды. Ал «Уылдырық шашу» балық қорғау акциясы басталғалы 214 балық қорғау заңнамасын бұзу дерегі анықталып, тиісті әкімшілік хаттама толтырылды», – деді Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Жанқожа Рамбердіұлы.

Бұған қоса, ол биыл да балық шаруашылығын дамыту бағытындағы жұмыстар жалғастырылатынын жеткізді.

БӨЛІСУ