«Дені сау ұлт» ұлттық жобасы шеңберінде мектеп медицинасын нығайту көзделген.
Еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде балалар барлық бағыттар бойынша тегін медициналық көмек алудың басым құқығын пайдаланады. Балалардың денсаулығын сақтауда жүктілік кезеңінен бастап дамудың барлық кезеңдерінде медициналық көмек көрсетудің бірыңғай дәйекті стратегиясын сақтау маңызды.
2023 жылдың І тоқсанында 100 мың бала неонаталдық скринингпен, 745 мың бала аудиологиялық скринингпен, 775 мың бала психофизикалық скринингпен, 1825 бала шала туған нәрестелердің ретинопатиясына офтальмологиялық скринингпен қамтылды. Тексеру нәтижесінде әртүрлі есту қабілеті бұзылған 600 бала, психофизикалық дамуында кемістігі бар 3,5 мың бала анықталып, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияға (ПМПК) жіберілді.
«Дені сау ұлт» ұлттық жобасы шеңберінде мектеп медицинасын нығайту көзделген. Елімізде 6,5 мың медициналық пункт жұмыс істейді, онда 7 мыңнан астам мектеп мейіргері жұмыс істейді.
Осы жылдан бастап әрбір емханада мектеп медицинасын үйлестіретін дәрігердің жаңа лауазымы көзделген. Дәрігерлердің негізгі міндеті мектеп мейіргерлерінің жұмысын үйлестіру, оқушылардың денсаулық жағдайына терең талдау жүргізу, мектептерде кәсіби тексерулер жүргізу болып табылады.
Тиімді перинаталдық технологияларды, ДДҰ ұсынған ана болу қауіпсіздігі қағидаттарын енгізудің, жаңа туған нәрестелерді реанимациялауды дамытудың арқасында ел оң нәтижелерге қол жеткізді.
Неонаталдық хирургияның дамуымен және осы технологиялардың өңірлерге трансфетімен байланысты туа біткен ақаулары бар жаңа туған нәрестелердің өмір сүру деңгейі 86%-ды құрады. Орташа алғанда, жыл сайын туа біткен кемістіктері бар 1500 жаңа туған нәресте хирургиялық ем алады. Жаңа туған нәрестелердегі ең төмен инвазивті эндо-бейне хирургиясының үлесі 40%-ға дейін өсті.
Қазақстан Орталық Азияда туғаннан бастап кардиохирургиялық операциялар жүргізілетін жалғыз мемлекет болып табылады. Бұл соңғы жылдары балаларға медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға қол жеткізген денсаулық сақтау бағыттарының толық емес тізімі. Педиатр ретінде мені алғашқы медициналық ұйымдардағы балалар ауруларының профилактикалық жұмысының деңгейі ерекше алаңдатады. Өйткені, біз бәріміз балалық шақтанбыз, сол жерден біздің әдеттеріміз, өмір салтымыз, денсаулығымызға деген көзқарас мәдениеті қалыптасады.
Өткен жылы бізде 403 мыңнан астам кішкентай қазақстандық дүниеге келді, биылғы жылдың басында еліміздегі балалар саны 0-ден 17 жасқа дейінгі 6,6 млн.адамды құрады.