Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязовтың төрағалығымен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының алаңында бизнес өкілдерімен кездесуі өтті. Аталған шараға қатысқан қызылордалық кәсіпкерлер мәселелерін көтерді. Солардың бірі – «Марал Нұр» серіктестігі.

Осының төңірегінде облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Исатай Ансат Белкөл кентінде орналасқан кәсіпорнының жұмысымен танысу мақсатында арнайы барды. Кәсіп иесі Мұрат Нұрсаитов мекеменің атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндап, алдағы уақыттағы жұмыс жоспарларымен бөлісті.

Аталған кәсіпорын 2005 жылдан бастап теміржол арқылы жолаушылар тасымалымен айналысады. Атап айтқанда,«Қызылорда-Павлодар», «Жезқазған-Астана» бағытында қызмет көрсетеді.

Вагондарды жөндеу үшін Қызылордадан депо ашпақ мақсаты бар екенін және қажетті жабдықтар импортталатын болған соң қымбат болып келетінін жеткізді. Қазіргі таңда, вагон жөндейтін зауыттың құрылысы 80%-ға аяқталған.

Соған орай, кәсіпорын иесі жабдықтарға, қажетті құралдарға жеңілдетілген несие қарастыруды сұрады.

Маңызды кәсіпорынның қызметіне тиісті мән берген басқарма басшысы осы мәселені алдағы уақытта ортаға салып, зерттеп, көтерген сұрақтарын қолданыстағы заңнама аясында тиісті органдар арқылы ықпал жасалынуын жеткізді.

БӨЛІСУ