Азаматтық және қылмыстық құқық секциялары бойынша семинар сабақтары өтті.
Қызылорда облыстық сотында аймақтық оқу орталығының ұйымдастыруымен семинар сабақтары болып өтті. Оған облыстық, қалалық соттардың судьялары қатысты.
Облыстық соттың судьясы Н.Қосановтың төрағалығымен «Азаматтық құқық және процесс» секциясы бойынша өткен семинарда Қызылорда қалалық сотының судьясы М.Ақынбек «Қазақстан Республикасы соттарының азаматтық істер бойынша сот шығыстары туралы заңнаманы қолдануы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 25 желтоқсандағы N 9 Нормативтік қаулысында көрсетілген кейбір мәселелер төңірегінде баяндама жасады. Талап қоюларды сот өндірісіне қабылдау кезінде басшылыққа алу қажет негізгі нормаларға тоқталып өтті.
Одан соң қатысушылар «Салық заңнамасын қолданудың сот практикасы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2022 жылғы 22 желтоқсандағы N 9 Нормативтік қаулысын талқылады.
«Қылмыстық құқық және процесс» секциясы бойынша семинар сабағына қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Ж.Бекжанов төрағалық етті.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша «Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату және қайта бастау, күдіктіге, айыпталушыға іздестіру жариялау, жоғалған қылмыстық істерді қалпына келтіру», сонымен қатар «Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық-процестік кодекстеріне енгізілген соңғы өзгерістер мен толықтырулар жөнінде» Қызылорда қаласының №2 сотының судьясы Т.Темірбаев баяндама жасады.
Ол өз сөзінде, егер тінту жүргізу кезінде адам тінтілетін жерден тыс жерде сақталған оның өзі көрсетпейінше табу мүмкін болмайтын ҚК-нің 287-бабында көзделген қару мен өзге де заттардың өзінде бар екендігін мәлімдесе, онда аталған әрекеттер ерікті түрде тапсыру деп танылатынын және ол қандай жағдайда қылмыстық жауаптылықтан босатылатынын айтып өтті.
Келісі болып баяндама жасаған Жалағаш аудандық сотының судьясы С.Амантаев «Салық саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар» туралы туралы ақпараттарымен бөлісті. Баяндамашы қоғамда салықтық құқық бұзушылықтар салық төлеушілердің салық төлеуден заңсыз жалтаруы ғана деген пікірдің барын, негізінде салық қатынастарының басқа да қатысушылары жасайтын осындай әрекеттердің басқа түрі де қамтылатын атап өтті.
Семинар барысында қылмыстық істер жөніндегі сот алқасымен Қызылорда облысы соттарында 2022 жылы мал ұрлығына қатысты үкім шығарумен аяқталған істер бойынша талдау жасады.