Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінде «Ашық есік күні» аясында жастармен кездесу өтті. Кездесуге «Қорқыт Ата» атындағы Қызылорда университеті «Құқықтану» факультетінің 3-4 курс студенттері және «Қаржылық қауіпсіздік-2023» республикалық олимпиадасына қатысушы оқушылар қатысты.
Экономикалық тергеу органдарында қызмет етуге жастарды қызықтыру мақсатында департаменттің тергеу басқармасының басшысы Ерлан Қасқырбайұлы «Экономикалық қылмыстарды тергеу ерекшеліктері» тақырыбында, криминалистика бөлімінің басшысы Батырхан Садықов «Криминалистика – қылмыс ізінің анықталуында маңызды ғылым» тақырыбында баяндамалар жасады.
Мұнан соң университет студенттері осы жылы өткен «Фараби әлемі» халықаралық ғылыми конференциясының 1 және 2 орын жүлдегерлері Зарина Есқалиева мен Айнұр Әжіғали студент достарына тәжірибеден өту туралы әңгімелеп, өздерінің құқыққорғау органында қызмет ету туралы қабылдаған шешімдерімен бөлісті. Сондай-ақ, жас маман, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы Құқыққорғау академиясының түлегі Бағдат Қалқабай аналитикалық талдау тобындағы жұмысы туралы әңгімелеп, түрлі деректер қорымен жүргізілетін зерделеудің сызбаларын көрсетіп берді.
Шара барысында «Қорқыт Ата» атындағы Қызылорда университетінің «Құқықтану» кафедрасының меңгерушісі Ерлан Алтаев департамент пен университет арасындағы ынтымақтастық байланыстың жетістіктері туралы айтып, тағылымды кездесу үшін ризашылығын білдірді.
– Қоғамды қылмыстан тазарту үшін ең алдымен адамдар құқықтық жағынан сауатты болуы керек. Адамдар заңды білгенде, өзіне өзі сенімді болғанда, еңбексіз пайда болмайтынын түсінгенде ғана өмірден өз орнын табады, қылмысқа жақын болмайды, – деген департамент басшысы Бақыт Қайшыбеков «Қаржылық қауіпсіздік-2023» тақырыбында өткен республикалық олимпиадаға қатысқан оқушыларға алғыс хат табыстады.
Айта кету керек, биыл бірінші рет ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі мен Білім министрлігі бірлесіп республикалық олимпиада өткізді. Оған облыстың бірнеше мектебінен оқушылар қатысып, ІІ турға Қызылорда қаласының 4 мектебінен 13 оқушы өтті. 10-11 класс оқушылары арасында өткен олимпиадаға қатысқан қызылордалық өрендер сайыста өздерінің азаматтық позицияларын білдіріп, қаржылық сауаттылық бойынша өз білімдерін ортаға салды.