Қызылорда облыстық сотында аймақтық оқу орталығының ұйымдастыруымен «Қылмыстық құқық және процесс», «Әкімшілік құқық бұзушылық және процесс» секциялары бойынша семинар сабағы өткізілді.
Семинарға қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Ж.Бекжанов, қылмыстық, әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі істерді қарайтын мамандандырылған соттардың, Қызылорда қаласының №2 сотының және онлайн режимде аудандық соттың төрағалары мен судьялары қатысты.
Шараны облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Ж.Бекжанов ашып, алғаш болып баяндама жасау үшін Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Д.Алиевке сөз берді.
Бандамашы алқабилердің қатысуымен қаралатын қылмыстық істер туралы баяндап, осы санаттағы істерді қараудың ерекшеліктеріне және алқабидің қатысуымен істерді қарау процестеріне, енгізілген өзгерістерге 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап алқабидің қатысуымен қарауға жататын істердің санатына тоқталып, келесі жылдан бастап алқабилердің қатысуымен қаралатын қылмыстық істер санаты артатынын және ол қандай санаттар екенін атап өтті.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе «Соттардың қылмыстық істер бойынша жекеше қаулылар шығару тәжірибесі» тақырыбында Қызылорда қаласының №2 сотының төрағасы Б.Жаңабаевтың баяндамасы тыңдалды. Б.Жаңабаев Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 19 желтоқсандағы № 11 нормативтік қаулысына сілтеме жасай отырып, жекеше қаулы қандай жағдайда қабылданатынын, оған қойылатын жалпы талаптар жөнінде және Қызылорда қаласының №2 сотында қабылданған жеке қаулылардың статистикасына тоқталып кетті.
Келесі болып «Сыбайлас жемқорлық санатындағы қылмыстарды қарау ерекшеліктері» тақырыбында Сырдария аудандық сотының судьясы Д.Ералиев баяндама жасап, осы санаттағы қылмыс бойынша жаза ауыр екендігін, мысалы, пара алған сомаға еселенген түрде айыппұл салатыны, ол мерзімінде орындалмаса, жаза бас бостандығына айыру түріне ауысатынын атады.
Әкімшілік құқық бұзушылық және құқық секциясы бойынша Қармақшы аудандық сотының судьясы С.Желдербаев қоғамдық тәртіпке және имандылыққа қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылықтарға, яғни ӘҚБтК-нің 436-бабына енгізілген өзгерістер туралы сөз сөйледі.
Баяндамашы өз сөзінде пиротехникалық бұйымдарды сату ережелерін бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 196-бабы бойынша (тауарларды немесе басқа заттарды заңсыз сату) әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын және бұл үшін 25 АЕК көлемінде айыппұл салынатынын, егер пиротехникалық бұйымдарды заңсыз пайдалану фактілері анықталса, құқық бұзушылар Кодекстің 436-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын, 10-15 АЕК көлемінде айыппұл салынатынын көрсетті.
Ал, «Басқарудың белгіленген тәртібіне қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылықтар» тақырыбында баяндама жасаған Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының судьясы С.Утегенова, ҚР ӘҚБтК-нің 182, 185-баптарына енгізілген өзгерістерге тоқталды.
Баяндамалардан соң тақырыптар бойынша қатысушылар бір-бірімен пікір алмасты.

Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі

БӨЛІСУ