Әділет министрлігінде заң жобалау қызметі жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті.

Әділет министрі Азамат Есқараевтың төрағалығымен заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті.
Отырысқа ҚР Парламентінің депутаттары, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес сектор өкілдері қатысты.
ВАК отырысы барысында төрт мәселе қаралды:
ҚР Парламентінің депутаттары бастамашылық еткен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларына Үкімет қорытындыларының жобалары бойынша бірінші және екінші мәселелер.
ҚР Бюджет кодексі жобасының және «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң жобасының реттеуші саясатының консультативтік құжаттары бойынша үшінші және төртінші мәселелер.
Ғылым мәселелері жөніндегі заң жобалары ғылым және ғылыми-техникалық салалардағы ұлттық заңнаманы кешенді жетілдіруге бағытталған, олар мынадай түзетулерді көздейді:
– ҒЗТКЖ-ға жеке инвестициялар үшін инвестициялық преференциялар беру және жаңа ғылыми орталықтар құру;
– ғылыми тағылымдамалар, шығыстар нормаларын және олар бойынша үлгілік шарттарды бекіту;
– «ғылыми этика» терминінің анықтамасын белгілеу;
– «Жас ғалымның» мерзімін қырық жылға дейін ұлғайту.
Бюджет кодексінің жобасына консультативтік құжат бюджет заңнамасын реформалауға бағытталған, ол мемлекеттің бюджет саласындағы халық алдындағы ашықтығы мен есептілігін арттыруға, бюджет процесінде бюрократияны төмендетуге, мемлекеттік қаржының тұрақтылығының ұзақ мерзімді болжамын енгізуге мүмкіндік береді.
«Мемлекеттік сатып алу туралы» заң жобасына консультативтік құжат артық регламенттеуді болдырмау, жеткізушілерді өз біліктілігін арттыруға ынталандыру, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, барлық мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдардың бірыңғай платформасына ауыстыру бөлігінде тәсілдерді көздейді.
Естеріңізге сала кетейік, ВАК заң жобалау қызметі бойынша мемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастық арасындағы бастамалар мен диалогты талқылау үшін тиімді алаң болып табылады.

БӨЛІСУ