Қазалыда аудандық прокуратураның бастамасымен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мәселесіне байланысты «Ашық есік күні» өтті.

Кездесудің негізгі мақсаты – кәсіпкерлік саласындағы мемлекеттік бағдарламалар бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу, сала бойынша туындаған мәселелерді анықтау және олардың шешілу жолдарын қарастыру болып табылады.
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен кездесуге аудан прокуроры Дарын Әбіш, аудан әкімінің орынбасары Күнтілес Назымбеков және облыс орталығы Қызылорда қаласынан кездесуге арнайы шақыртылған «Байқоңыр» ӘКК, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығының өкілдері сондай-ақ аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Талайлы Бөріқұлақов, облыстық мәслихат депутаты Ибайдулла Тілеп, аудандық мәслихат депутаты, «Тұран Қазалы» газетінің редакторы Ғазиз Әліш, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Темірлан Қожаназаров және мемлекеттік мекемелер мен жергілікті атқарушы органдардың басшылары және қаржы ұйымдарының өкілдері мен 60-қа жуық аудан кәсіпкерлері қатысты.
Кездесуді аудан прокуроры Дарын Елтайұлы ашып, бүгінде мемлекет тарапынан бизнеске жасалып жатқан мүмкіндіктерді кәсіпкерлік саласын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың кеңінен насихаттауды қажет екендігін атап өтті.
Жиын барысында «Байқоңыр» ӘКК, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығының өкілдері баяндама жасап, кәсіпкерлерге мемлекеттік бағдарламалар бойынша және қаржы ұйымдарының шарттары бойынша айтып өтті.
Кәсіпкерлер тарапынан салық, несие, коммуналдық мәселелер, қайтарымсыз грант, тауар тану белгісін алуға байланысты бірқатар сұрақтар қойылып, жергілікті атқарушы орган басшылары мен қаржы ұйымдарының өкілдері тарапынан жауап берілді.
Кездесу соңында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Күнтілес Айдарбекұлы мен аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Талайлы Әмитжанұлы бүгінгі кездесудің маңыздылығына тоқталды.
Сонымен қатар, Дарын Елтайұлы аудан көлемінде құқықбұзушылық пен қылмыстық ахуалдың алдын алу мақсатында аудан кәсіпкерлерімен жасалған меморандум жайында да айтты.
Аталмыш меморандумның басты бағыты аудандағы мейрамхана, тойхана, кафелерде кешкі мезгілде өткізілетін шаралардың уақытын шектеп, басты мақсат – тұрғындардың тыныштығын сақтау екенін кәсіпкерлерге түсіндіріп өтті.
Кездесуден соң аудан прокуроры және мемлекеттік мекеме басшылары кәсіпкерлерді жеке мәселелері бойынша қабылдап, кәсіпкерлер тарапынан айтылған әрбір ұсыныс-пікірлерге нақты жауап берді.

БӨЛІСУ