Бүгін аудандық прокуратураның бастамасымен аудан әкімдігінің мәжіліс залында 2023ж. аудан көлемінде кәмелетке толмағандардың арасында құқық бұзушылық профилактикасы, олардың жыныстық қол сұғылмаушылығына және жасөспірімдер арасында топтық төбелестер бойынша атқарылған жұмыстардың тиімділігін, осы бағытта алдағы уақытта атқарылатын іс-шараларды талқыланып, кеңейтілген мәжіліс өткізілді.
Мәжіліс Қызылорда облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ш.Амитов және Қызылорда облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ә.Ізімбетов қатысты.
Күн тәртібінде қойылған мәселені талқылау барысында аудандық полиция бөлімімен, білім бөлімі мен аудандық мектеп директорларымен бұл бағытта атқарылған жұмыстарына тоқталып, жекелеген бағыттар бойынша жол берілген кемшіліктер талқыланды.
Аудан прокуроры Д.Әбіш білім беру ұйымдары мен ювеналды полиция тобының инспекторларымен кәмелетке толмағандардың арасында қылмыстық құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында жұмыстарды жандандыру, жыныстық қол сұғылмаушылығына қатысты қылмыстардың орын алуына ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою, оқушылардың түнгі мезгілді тұрғынжайдан тыс жерлерде заңды өкілінсіз жүруін тоқтату, топтық төбелестің алдын алу мәселелерін көтеріп, олардың түбегейлі шешілуіне жан-жақты шаралар қолдану қажеттігін айтып, хаттамалық шешіммен нақты тапсырмалар берді.
Мәжілісте баяндама жасаған аудан прокурорының орынбасары Ғ.Сағатов, полиция бөлімінің бастығы Б.Кабизов бұл бағытта атқарылған жұмыстар мен қатар туындаған мәселелерге өз ұсыныстарын білдірді.
Сондай-ақ мәжіліс қорытындысымен құқық бұзушылықтарға дер кезінде тосқауыл қою мәселесі талқыланып, аудандық полиция бөлімінде әкімшілік қамауға алу үй-жайларының ашылу мәселесі де пысықталды.