Қазақстанда «жасыл» қаржыландыруды дамыту үшін қажетті құқықтық орта қалыптасты – ОКҚ брифингі.
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиева қаржы нарығында ESG қағидаттарын енгізу және дамыту туралы айтып берді.
Қаржы секторы ESG тәуекелдерін ескерумен «жасыл» экономиканы қаржыландыруды және қазақстандық компанияларды трансформациялауды қамтамасыз ете отырып, тұрақты даму қағидаттарын енгізуде шешуші рөл атқарады. Сондықтан Агенттіктің негізгі басымдықтарының бірі тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін қаржы ұйымдарының стратегиялары мен бизнес-модельдеріне ESG критерийлерін біртіндеп кіріктіру болып табылады. «2021 жылдың қазан айында Мемлекет басшысы көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі халықаралық конференцияда БҰҰ-ның парниктік газдардың нөлдік шығарындыларына қол жеткізу жөніндегі үндеулерін қолдады. 2060 жылға қарай Қазақстанның көміртегі бейтараптығы стратегиясы 2023 жылдың ақпанында бекітілді», – деді спикер.
Бұл ретте, көміртекті бейтараптық сценарийі мәлімделген мақсаттарға – парниктік газдардың нөлдік шығарындыларына қол жеткізу үшін мемлекеттің, бизнестің және жалпы қоғамның бірлескен күш-жігерін көздейді.
Қаржы реттеушісі өкілінің айтуынша, Қазақстанда «жасыл» қаржыландыруды дамыту үшін барлық қажетті құқықтық орта қалыптасқан. 2021 жылғы қаңтарда жаңа Экологиялық кодекс қабылданды, оның шеңберінде «жасыл» қаржыландыру және «жасыл» жобалар ұғымдарының заңнамалық анықтамасы енгізілді, сондай-ақ «жасыл» облигациялар және «жасыл» кредиттер арқылы қаржыландыруға жататын «жасыл» жобалардың жіктелуі (таксономиясы) көзделген. Барлық мемлекеттік саясат декарбонизацияны ынталандыруға және «жасыл» жобаларға қатысты фискалдық, қаржылық және өзге де шаралар түрінде қолдау көрсетуге бағытталған.
Агенттік төрағасының орынбасары атап өткендей, «жасыл облигациялардың» инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін қазақстандық компанияларға қазақстандық қор биржасында немесе АХҚО биржасында шығарылған «жасыл» облигациялар бойынша субсидиялар алу мүмкіндігі берілді. «Жасыл» қаржыландыру нарығын одан әрі дамыту үшін 2022 жылғы 12 шілдедегі сақтандыру және бағалы қағаздар нарығы, банк қызметі мәселелері жөніндегі заң шеңберінде Халықаралық капитал нарықтары қауымдастығының (ICMA) ұсынымдары негізінде ESG-облигацияларды шығару және айналысқа жіберу мәселелері реттелді.
ESG-облигацияларын орналастырудан түскен ақшаны мақсатсыз пайдалану жағдайларын болдырмау үшін оларды міндетті түрде сыртқы бағалау немесе верификациялау рәсімдері көзделген, оны ESG қағидаттарына сәйкес тәуелсіз бағалауды жүзеге асыратын халықаралық қаржы, аудиторлық, консалтингтік ұйымдар жүзеге асырады.
Бүкіл әлемде инвесторлар кірістілігі жоғары ғана емес, сонымен қатар тиісті ESG принциптері бар қаржы құралдарын сатып алуға тырысатын тренд байқалады.
«Инвесторлар кейбір жағдайларда ESG мәселелері бойынша жеткізу шараларын қабылдамайтын компанияларға инвестиция салудан бас тартуға дайын. Қазақстанда қаржы ұйымдары «жасыл» экономикаға басымдық бере отырып, көміртекті көп қажет ететін жобаларды қаржыландырудан біртіндеп бас тартуда. Яғни, бүгінде инвесторлар өз саясаты мен инвестициялық стратегиясын өзгертуде», – деді спикер.
Қаржы реттеушісінің өкілі сондай-ақ «жасыл» жобалардан басқа, бұл санатқа ең алдымен тұрмысы төмен азаматтарды қолдауға, гендерлік және әлеуметтік теңдікке бағытталған әлеуметтік жобалар жататынын атап өтті.
Bloomberg бағалауы бойынша ESG активтерінің әлемдік көлемі 2021 жылы 35 трлн АҚШ долларын, 2022 жылы 41 трлн АҚШ долларын құрады және 2025 жылға қарай 50 трлн АҚШ долларынан асуы тиіс.
2021 жылдан бастап тұрақты жобаларды қаржыландыру үшін Қазақстандық қор биржасында жалпы сомасы 157 млрд теңгеден астам ESG-облигациялардың 11 шығарылымының листингі өтті. Олардың эмитенттері Еуразиялық даму банкі, Азия Даму Банкі, «ДАМУ» Қоры, Қазақстанның Даму Банкі және KEGOC болды.