Достық үйінің мәжіліс залында Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің кезекті отырысы өтті. Отырысқа ZOOM платформасы арқылы ҚХА Республикалық Аналар кеңесі төрайымының орынбасары Баян Ахатай және аудандық Аналар кеңестерінің төрайымдары, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Қаламқас Каримова қатысты.
Шараның алғы сөзін «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Айбек Дайрабай алды. Ол Мемлекет басшысының «Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау шараларын заңмен күшейту керек. Отбасы құндылықтарын дәріптеу ісіне ерекше көңіл бөлген жөн», деген тапсырмасын негізге ала отырып, бүгінгі отырыстың мән-маңызына, Аналар кеңесінің алдағы жұмыс бағытына тоқталып өтті.
Шара модераторы облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Нұрсәуле Мұсаева ана мен бала құқығын қорғау – Қазақстан үшін қашанда аса маңызды басымдықтардың бірі. Себебі, мемлекеттің ең басты қазынасы – адам екендігі Конституцияда анық жазылған. Елімізде баланың бұзылған құқықтарын қорғау толығымен жүзеге асырылса да, бұзылып жатқан тұстары да бар. Оның басты себептерінің бірі – отбасының дұрыс болмауы. Әсіресе әлімжеттік көрсету, қорлау, ұрып-соғу секілді әрекеттер орын алуда. Соттар тарапынан бала құқықтарының қорғалуы, ана мен баланың денсаулығы ерекше назарда болуы тиіс. Сондай-ақ, әскери бөлімшелерде арнайы тәрбие жұмыстарын жүргізу қажеттілігін атап өтті.
ҚХА Республикалық Аналар кеңесі төрайымының орынбасары Баян Ахатай «Бүгінде Аналар кеңесі бірнеше мемлекеттік және МЕҰ өзара ықпалдастық меморандумына қол қойып, ортақ бағытты жобаларды жүзеге асыруда. Атап айтқанда, ҚР Ұлттық ұлан академиясымен бірігіп әскери бөлімдерде психологиялық тренингтер өткізуде. “Дәріхана есірткісі” заңсыз айналымын төмендетуге бағытталған “Есірткісіз” ҚҚ біріккен “Жасыл сертификат” жобасы барлық өңірлік филиалдармен жүзеге асырылуда. “Темекісіз” ҚҚ біріккен “Вейпке тыйым” жобасы ҚР ДСМ қолдау тапты, барлық өңірлерде бастау жоспарланып отыр. Бұл ауқымды жұмыстар өңірлердегі үздіксіз жүргізіліп келе жатқан рухани-тәрбиелік шаралармен қатар атқарылуда. Атап өтер болсақ, 2022 жылы республика бойынша 129 дәріхана құқықбұзушылық бойынша жауапқа тартылған. Оның бірнешеуі Қызылорда өңірінде анықталды. Ендігі кезекте Аналар болып бірігіп, осы бағытта жұмысты жандандырсақ»,-деген пікірін ортаға салды.
Мұнан соң Аналар кеңесінің белсенді мүшесі Айгүл Мұсабаева «Отбасы мектебі» штабының жұмыс тәжірибесімен бөлісті.
Отырыс соңында облыстық Аналар кеңесінің мүшесі Ақмарал Назарқұлованың орнына Ж. Нұрманов атындағы №198 мектеп директоры Гүлжахан Зарипова қосылды.

 

БӨЛІСУ