Бүгін аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен 23 сәуір – Халықаралық кітап және авторлық құқық күніне орай «Кіtaр Fest – 2023» кітап фестивалінің ашылу салтанаты өтті.

Шараның мақсаты – кітап оқудан ләззат алуға, адамзаттың әлеуметтік және рухани-мәдени дамуына өлшеусіз үлес қосқан адамдардың еңбегін құрметтеуге шақыра отырып, олардың есімдерін ұлықтау.
Фестивалде аудан әкімінің орынбасары Дәурен Оңғарбайұлы алғы сөз сөйлеп, аталған жиынның жастарға сабақ боларлық, тағылымы мол шара екенін айтты.

Мұнан соң Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейі, №266 мектеп-лицейі, Ж.Жабаев атындағы №234 орта мектебі мен М.Матаев атындағы №170 орта мектептің оқушылары жиналғандарға қазақ қаламгерлерінің шығармаларынан «Жақсы кітап – жан азығы» атты жыр-шашу тарту етті.

Аталмыш шара аясында «Ғажайып – кітап әлемі» атты кең көлемді кітап көрмесі оқырмандарға таныстырылып, түрлі танымдық, спорттық ойындар ұйымдастарылды.

Сонымен қатар аудандағы «Умник» кітап дүкені оқырмандарға өз өнімдерін ұсынып, фестиваль барысында қалаған әдебиетті 20 пайызғы жеңілдікпен сатып ала алатынын айтты. Ал аудандық балалар кітапханасының ұйымдастырған «Ертегілер еліне саяхат» пен «Қуыршақтар» театрының қойылымы да балаларға керемет көңіл-күй сыйлады.

Бұдан кейін аудандық орталық кітапхананың «Сoworking» орталығында «Отбасы хрестоматиясы» сериясымен шыққан сары кітаптар шеруі өткізілсе, оқырмандар залында жас оқырмандар арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында «Спорт – бақытқа бастар жол» атты спорттық ойындар шахмат, дойбы, тоғызқұмалақтан байқау өткізіліп, жеңімпаздарға «Алғыс хаттар» мен бағалы сыйлықтар тарту етілді.

БӨЛІСУ