Бүгін Қызылорда медициналық жоғары колледжінде ұлағатты ұстаз, білікті басшы Даутбаева Сара Төлегенқызын еске алуға арналған техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері арасында волейболдан облыстық турнир өтті.

Шара барысында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Әзизбек Ізімбетов, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Шайымбетов, мемлекет және қоғам қайраткері А.Божановалар сөз сөйлеп, отыз жылға жуық оқу орнын басқарған Сара Төлегенқызының білім саласына сіңірген еңбегіне тоқталып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Тоғыз команда қатысқан спорт додасында І орынды М.Маметова атындағы педагогикалық жоғары колледжі иеленсе, ІІ орын Қызылорда жоғары көпсалалы колледжіне бұйырды. Жүлделі ІІІ орынды Шиелі индустриалды-аграрлы колледжінің командасы иеленді.

Турнир жеңімпаздарына Сара Төлегенқызының отбасының атынан қаржылай сыйлықтар табысталды.

Айта кетейік, облыстық білім басқармасы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары педагогтерінің ынтымақтастығын арттыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында кезінде оқу орындарына басшылық жасаған және білім саласына еңбек сіңірген ардагерлердің атынан турнирлер ұйымдастыруды қолға алды. Жоспарға сәйкес жыл соңына дейін спорттық, шығармашылық, инетеллектуалды сайыстар өткізілетін болады.

©️Қызылорда облысының білім басқармасының баспасөз қызметі

БӨЛІСУ