Бүгін облыс әкімінің орынбасары Сақтағанов Нұрымбет Аманұлы бокстан Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, Сыр мақтанышы Қамшыбек Қоңқабаевты қабылдады.

Кездесуде Қамшыбектің мамыр айында көршілес Өзбекстан елінде өтетін бокстан Әлем чемпионатына дайындық барысы талқыланды.

Қамшыбек бапкерлерімен бірге Шымкент қаласында өзге мемлекеттің спортшыларымен өтетін біріккен оқу-жаттығу жиындарына және әрі қарай Өзбекстанда өтетін Әлем чемпионатына қатысатын жоспарымен бөлісті.

Сонымен бірге, чемпионымыз биыл Қытай елінде өтетін Азия ойындарына қатысу жоспарында бар екендігін және осы жарысқа жерлесіміз Құлахмет Тұрсынбайдың да қатысу мүмкіндігі барын айтты.

Нұрымбет Аманұлы өз кезегінде Қамшыбекке «Сенен күллі қазақ елі зор үміт күтіп отыр, біз сенің осы үмітті ақтайтыныңа сеніміміз зор. Барша ел, әсіресе Сыр жұртшылығы әрдайым сенімен біргеміз!» деп алдағы әлемдік дода алдында қолдау білдірді.

Қамшыбек Қоңқабаев үстіміздегі жылдың 1-14 мамыр аралығында Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласында бокстан өтетін Әлем чемпионатына қатасады. Баршаңызды қолдау білдіріп, жанкүйер болуға шақырамыз.

БӨЛІСУ