Бүгін «Ауыл аманаты» жобасы бойынша аудан әкімінің кеңесшісі Бақытжан Жарылқап пен аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің егін шаруашылығы секторының меңгерушісі Күмісбек Ерімбетов бастаған жұмысшы топ өкілдері Сарыкөл, Ғани Мұратбаев және Майлыбас ауылдық округтерінде болып тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Жоба Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігің 2022 жылғы 7 ақпандағы “Кәсіпкерлік бастамашылыққа жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларын бекіту туралы” № 47 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.
Микрокредиттерді беру үшін сенім білдірген өкіл ретінде «Байқоңыр» ӘКК» ҰҚ» АҚ белгіленіп, бөлімшесі «Өңірлік инвестиция орталығы» МҚҰ арқылы іске асырылатын болады.

Қаржыландыру бағыттары:
1. Өңдеу саласына қатысты жобаларды қаржыландыру (жылыжайлар, сүт, ет өндірісі, құс және балық шаруашылығы)
2. Өсімдік шаруашылығын дамыту
3. Ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау
4. Мал шаруашылығын дамыту
5. Басқа бағыттағы бизнес жобалар
Шағын несие берудің негізгі шарттары:
1) микрокредит мерзімі – 5 (бес) жылға дейін, мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін микрокредит мерзімі – 7 (жеті) жылға дейін;
2) микрокредиттің ең жоғары сомасы – ауылдық елді мекендерде (олардың әкімшілік бағыныстылығына қарамастан) және шағын қалаларда – 2,5 (екі жарым) мың айлық есептік көрсеткішке дейін, зәкірлік кооперацияны дамыту үшін – 8,0 (сегіз) мың айлық есептік көрсеткішке дейін;
3) номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5 (екі жарым) пайыздан аспайды;
4) кепілмен қамтамасыз етудің болуы;
5) негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең микрокредит беру мерзімі ұзақтығының 1/3 (үштен бірінен) аспайды;
6) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салық органдарында тіркеудің болуы.
Бұдан бөлек, микрокредиттер беру тәртібі, микрокредитті қамтамасыз етудің негізгі шарттары, тәсілдері, үміткерлердің санаттары, қарыздардың мерзімдері мен сомалары сенім білдірілген өкілдің (агенттің) шешімімен белгіленеді және кредиттік шартта көрсетіледі.

Негізгі талаптары:
1. Несие алушының жеке кәсіпкер болып тіркелуі;
2. Басқа да несиелер бойынша мерзімі өткен жарнаның болмауы;
3. Мемлекеттік кірістер органдар алдында берешектің болмауы;
4. Несие алушының жасы зейнеткерлік жастан аспауы тиіс;
5. Несиені кепілмен қамтамасыз ету;
6. Ауыл шаруашылығын жүргізу үшін қажетті жағдайлардың болуы (жер телімі, қора және т.б.);
7. ӘКК-мен бірлесе құрылған ауыл шаруашылық өндірістік кооперативіне мүшелікке кіру;
8. Қаржыландырылған жоба аясындағы өндірілген өнімді ауыл шаруашылық өндірістік кооперативке өткізу.

БӨЛІСУ