Бүгін Түркістанда «Senat Open» шахматтан ІІ ашық кубогының жартылай финалдық кезеңі басталды. Жарыстың ашылу рәсіміне облыстық мәслихаттың Экология, өндіріс, шаруашылық және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Бауыржан Сандыбаев арнайы қатысты.
Турнирге Шымкент қаласы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарынан іріктелген ең мықты шахматшылар қатысуда. Жартылай финал швейцариялық жүйе бойынша 9 турдан тұрады. Нәтижесінде үздік шахматшылар 29 тамыз күні Астана қаласында өтетін финалдық кезеңде оңтүстік өңірдің намысын қорғайтын болады. Яғни бүгін жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар іріктелмек.
Аталмыш турнир ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың бастамасымен өтуде. Ал Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов бұл идеяны қолдап, жүзеге асыруға атсалысуда.
Айта кетcек, үстіміздегі жылдың 13 сәуір күні Сыр өңірінде барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары мен мәслихат аппаратының қызметкерлері, мемлекеттік қызметкерлер, қоғамдық бірлестіктер, ардагерлер және БАҚ өкілдерінің қатысуымен «SENAT OPEN 2025» шахматтан II ашық кубогының іріктеу турнирі өткен болатын.
Senat Open — бұл жай ғана шахмат жарысы ғана емес, бұл — шахматты қолжетімді ететін, зияткерлік ойынды дәріптейтін, мыңдаған адамды біріктірген ұлттық деңгейдегі платформа.