Аудан әкімі аппаратының басшысы Диас Молдабаевтың төрағалығымен Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу шараларын талқылауға арналған мәжіліс өткізілді.
Жиынға кент және ауылдық округ әкімдері, сондай-ақ тиісті сала басшылары қатысты. Мәжіліс барысында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Алия Абдикаимова баяндама жасап, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының таралу жолдары мен алдын алу шаралары жөнінде кең көлемді ақпарат ұсынды.
Айта кету керек, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы — кене шағуы арқылы жұғатын, ауыр интоксикациямен және дене қызуымен өтетін, өлім-жітім деңгейі 10-40% аралығында болатын аса қауіпті жұқпалы аурулардың бірі. Бұл ауру көбіне маусымдық сипатта болып, әсіресе мамыр-қыркүйек айлары аралығында жиі тіркеледі.
Қызылорда қаласы да Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында орналасқан. Сондықтан жыл сайын эпидемиологиялық маусымда аурудың алдын алу, залалсыздандыру жұмыстары күшейтіледі.
Өткен жылы алғашқы диагнозбен КҚГҚ-ның 6 жағдайы тіркелді. Оның 3 жағдайы клиникалық және зертханалық тұрғыда расталды. Биыл эпидемиялық мерзім басталғалы кенеден зардап шегіп, медициналық көмекке 45 адам жүгінді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 40 пайызға жоғары болып отыр.
Қолайсыз аймақтардың санитариялық-қорғаныш белдеулерінде, буферлік аймақтарды құру және ауылшаруашылығы мал бастары мен олардың қора-жайларында көктемгі кенеге қарсы дезинсекция жұмыстарының 1-ші кезеңі 9-21 сәуір аралығында, 2-ші кезеңі 18-30 сәуір аралығында бір мезетте жүргізілген.
Жалпы, қала бойынша Конго-Қырым геморрагиялық қызбасынан 8 елдімекен қолайсыз деп танылды. Дегенмен, ол өткен жылмен салыстырған 4 елдімекенге азайған.
Мәжіліс қорытындысы бойынша тиісті мекемелер мен жергілікті атқарушы органдарға профилактикалық жұмыстарды күшейту, халық арасында түсіндіру шараларын арттыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу тапсырылды.