Бүгін «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалы жанындағы Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері жөніндегі аймақтық кеңес отырысы өтіп, онда еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының орындалуы мен ауыл шаруашылығы саласында ірі инвестициялық жобалардың іске асырылуы мәселелері талқыланды.

Жиынға партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов, кеңес мүшелері, облыстық, қалалық мәслихаттардағы депутаттық фракция мүшелері мен жауапты басқарма өкілдері қатысты.

Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде өңірде 19340 адамды қамтуға 19,4 млрд.теңге қаралған. Жұмыспен қамту органдарының қызметімен 43 666 адам қамтылған. Атап өтер болсақ, 3861 адам бос жұмыс орындарына, 9476 адам субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылған. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға 1359 адам жолданса, «Электронды еңбек биржасы» порталы арқылы жоспарланған 26203 адамның 110,5 пайызы онлайн – оқудан өткен. Жиын барысында хабарлама жасаған облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Жанар Дәулетбаева «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында өңірде ауқымды жұмыстар қолға алынғандығын атап өтті.

«Өңірде «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында жұмысшы кадрлардың құқықтарын қорғау механизмдерін нығайтуға, жұмыс берушілердің жұмысшы мамандықтарды даярлау мен қолдауға қатысуын кеңейтуге, колледждердің кәсіпорындармен және халықаралық серіктестермен өзара әрекеттесуін күшейтуге, сондай-ақ жұмысшы мамандықтардың имиджін арттыруға бағытталған кешенді іс – шаралар жоспары бекітілді. Осының аясында жыл басынан ашық есік күндері мен бос жұмыс орындарының жәрмеңкелері ұйымдастырылуда. Мамыр айында өткен осындай жәрмеңкеде Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай Абай, Ұлытау, Павлодар облыстарынан 7 мыңнан астам бос жұмыс орындары ұсынылып, нәтижесінде 466 адам қоныс аударуға ниет білдірді»,- дейді Жанар Дәулетбаева.

«Бүгінде агроөнеркәсіп кешеніне көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде облыстың ауыл шаруашылығы саласы тұрақты даму қарқынын көрсетуде. Облысқа инвестиция тартуды тұрақты қамтамасыз ету мақсатында аймақтың агроөнеркәсіптік кешен саласындағы 2025-2027 жылдары іске асырылатын инвестициялық жобалардың жол картасы бекітілген. Онда құны 57 млрд. 100 млн. теңгені құрайтын 30 инвестициялық жоба қамтылған. Бұл жобалардың жүзеге асырылуы 295 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді»,- деді ауыл шаруашылығы саласында ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асуы жөнінде хабарлама жасаған облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Рысбек Шайхиев.

Сондай-ақ өңірде ағымдағы жылы Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі негізінде жеңілдетілген несие беру бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 11 млрд.теңге қарастырылып, 6 жобаны қаржыландыру жоспарланған. 1 жоба құжаттары толық дайындалып, комиссия қарауына ұсынылған. 2 жобаның мемлекеттік сараптамадан он қорытындысы алынған. 4 жобаның жобалау сметалық құжаттамалары дайындалуда.

Жиын соңында кеңес төрағасы Бақдаулет Махашов кеңестің регламентіне сәйкес, кеңес жұмысына дәлелсіз себептермен 3 рет қатыспаған кеңес мүшелері кеңес құрамынан шығарылғандығын атап өтіп, кеңес құрамына қосылған партия белсендісі, партияның қалалық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Алдабергенов Абунасыр Сатыбалдыұлын таныстырды.
Жалпы күн тәртібіндегі барлық мәселелер толық қаралып, көтерілген ұсыныстар жұмыс барысына алынды.

БӨЛІСУ