«Киберпатруль» – балаларға интернет қауіпсіздігін үйретудің тиімді жолы

«Заң мен тәртіп» апталығы аясында қаржылық қауіпсіздік күні Қызылорда облысы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Зерентай» лагерінде демалушы балаларға арнап «Киберпатруль» атты бөлмелік ойын ұйымдастырды.
Іс-шараның басты мақсаты – балаларға интернет кеңістігінде өздерін қалай қауіпсіз ұстау керектігін ойын арқылы үйрету. Қатысушылар белсенді түрде түрлі тапсырмаларды орындап, қауіпсіз және қауіпті онлайн әрекеттерді ажыратуды, жеке деректерді қорғауды, бейтаныс адамдармен байланысқа түскенде сақ болу керектігін меңгерді.
Ойын барысында балалар киберқауіптер, фишинг, жалған ақпарат пен интернет – алаяқтықтың түрлері туралы пайдалы мәліметтер алды. Киберполиция қызметкерлері сұрақтарға жауап беріп, нақты мысалдар арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Балалар ойынды қызығушылықпен қабылдап, интернеттегі қауіпсіздік бойынша маңызды біліммен қаруланды. Мұндай шаралар жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттырып, онлайн ортада өзін дұрыс ұстауға бағыт береді.
Сонымен қатар бүгінгі таңда балалар мен жасөспірімдердің цифрлық сауаттылығы мен желідегі қауіпсіздік мәселелері бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстарын киберволонтерлар да жүргізіп келеді. Олар интернетте тыйым салынған контентті тарату бойынша нақты ақпарат беріп, нәтижесінде тыйым салынған сайттардың қызметі бұғатталады.

БӨЛІСУ