Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде сөз сөйледі.
Президент:
Еліміздің полиция қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілерін кәсіби мейрамдарымен құттықтады.
Мемлекет құқық қорғау жүйесін жетілдіруге және барлық салада заң мен тәртіп орнатуға баса мән беретінін атап өтті.
2019 жылдан бері қылмыстық құқықбұзушылық саны шамамен екі есе азайғанын айтты.
Үкіметке білім мекемелеріндегі тәрбие жұмысын қайта зерделеп, жас ұрпақты заңды сыйлауға үйрету мәселесіне баса мән беруді тапсырды.
«Заң және тәртіп» апталығының басталғанын жариялады.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласына цифрлық технологиялар мен басқа да озық шешімдерді енгізуді жалғастыруға үндеді.
Әкімдерге еліміздің барлық қаласы мен ауданында жедел басқару орталығын құру жұмыстарын жандандыруды жүктеді.
«Қауіпсіз қала» ұлттық платформасын іске қосуды ұсынды.
Үкіметке уәкілетті органдармен бірлесе сим-карталарды сату тәртібін реттеуді және оларды таратқаны үшін мобильді операторлардың жауапкершілігін күшейтуді тапсырды.
Сотталған азаматтарға рақымшылық жасау туралы заңға қол қойды.
Ауылдағы учаскелік инспекторларға шен берген кезде жеңілдік жасап, яғни бір жылдық еңбек өтілін 1,5 жыл деп есептеу жөнінде ұсыныс білдірді.
Мекемелік наградаларға қызмет бабында қаза болған қаһармандардың есімін беру мәселесін қарастыруды ұсынды.
Қоғамның құқықтық мәдениетін арттырып, құқық қорғау жүйесін жетілдіру бойынша атқарылатын жұмыстың негізгі басымдықтары:
«Заң және тәртіп» қағидатын жаппай дәріптеу.
Құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын күшейту.
Қылмыстық-атқару жүйесін жетілдіру үшін нақты шаралар қабылдау.
Құқық қорғау органдарының жұмысына сервистік модель қағидаттарын кеңінен енгізіп, кадрлық әлеуетін күшейту.
Алқа отырысынан кейін құқық қорғау органдары қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелеріне кәсібилігі мен адал қызметі үшін Президент Алғысы табысталды. Сондай-ақ бірнеше ақсақалға қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге белсенді үлес қосқаны үшін Президент Алғысы жарияланды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Полиция күніне арналған концертті тамашалады
«Заң және тәртіп» апталығы аясында өткен мерекелік іс-шараға құқық қорғау құрылымдарының басшылары, Ішкі істер министрлігінің жеке құрамы, ардагерлер, сондай-ақ азаматтарды құтқару үшін өмірін құрбан еткен полиция қызметкерлерінің жақындары қатысты.
Концертте отандық өнер шеберлерінің шығармалары ұсынылды.
Кәсіби міндетін орындау кезінде қаза болған құқық қорғау органдарының қызметкерлерін еске алған реквием көпшіліктің көңілін қозғады.
«Жас сақшы» полиция сыныбы оқушыларының орындауындағы ән де ерекше жылы әсер қалдырды.