Ерекше баласы бар ата-аналар мен мүгедектігі бар әйелдер – қоғамның қолдауын қажет ететін санат өкілдері. Аталған топтағы азаматтарға тұрақты көмек көрсетіп, өмір сүру сапасын жеңілдету – Сіз бен біздің алдымызда тұрған негізгі міндеттердің бірі. Осы мақсатта Орталық Азияның Евразия қоры (ОАЕҚ) Citi қорының қолдауымен, әлеуметтік қорғанысты арттырып, қауіпсіз баспанаға қолжетімділікті кеңейтуді көздейтін әлеуметтік жоба өз жұмысын бастады.

Еліміздің бірнеше аймағы және Сыр өңірінде жүйелі негізде іске асыруды көздейтін жобаның басты мақсаты – тұрғын үй қолдауына көзқарасты өзгерту және осал топтар үшін мүмкіндіктерді кеңейту. Бұл жоба мүгедектігі бар әйелдер, ерекше баласы бар ата-аналар және қауіпсіз әрі тұрақты баспана ұғымына сай келмейтін жағдайда өмір сүріп жатқан азаматтар үшін аса маңызды.
Аталған жобаның тұсаукесері еліміздің бас қаласы Астана қаласында өтіп, оған ҮЕҰ өкілдері, зерттеушілер, құрылыс саласы бірлестіктері және мемлекеттік құрылымдардың өкілдері қатысты. Жоба аясында қаржылай және оқу-әдістемелік қолдауға ие болған өңірлік 10 ұйым өз тәжірибесімен бөлісіп, өңірлердегі баспана қолжетімділігі тақырыбында өзекті мәселелерді ортаға салды. Олардың қатарында «Nomad Rights», «АРДОС-Жүрек», «Ақ босаға», «Мүгедектігі бар жастар қоғамы», «АСЕР», «Қорған-М», «Менің Үйім», «Dariya», және «Мама Про» (Астана, Алматы, Шымкент қалаларында) қоғамдық бірлестіктері бар. Сыр өңіріндегі жоба жетекшісі «Ақ босаға» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Зейнар Дастанқызы қызылордалық мүгедектігі бар әйелдер және ерекше баласы бар аналармен жұмыстар жүргізу тәжірибесімен, олардың табыс тарихымен бөлісті.
Дөңгелек үстел негізгі төрт бағыт бойынша: Құқықтық қорғау, қолжетімді инфрақұрылым, экономикалық тұрақтылық, әлеуметтік саясат тақырыптарына негізделді. Бұл бағыттар мүгедектігі бар жандардың тәуелсіз және қауіпсіз өмір сүруіне деген құлшынысын ескере отырып, жүйенің не себепті олар үшін қолжетімсіз болып отырғанын түсіндіреді.

БӨЛІСУ