Бүгін мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесіне орай салтанатты жиын өтті. Оған қала әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев қатысты.

– Мемлекеттік қызметшінің жұмысы білімділік пен іскерлікті ғана емес, қызметтен тыс уақытта да үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өйткені мемлекеттік қызметші – мемлекеттің айнасы. Билікке деген сенім мемлекеттік қызметшіден басталады. Осынау жауапты да күрделі қызметті атқарып жатқан Сіздерге зор денсаулық, отбастарыңызға амандық, адал еңбектеріңізге сәттілік тілеймін! – деді Дархан Есалыұлы.

Шарада жаңадан жұмысқа кіріскен бірқатар мемлекеттік қызметші ант қабылдады. Жемісті еңбек еткен қызметкерлер облыс және қала әкімінің, Мемлекеттік қызмет істері департаментінің алғыстарымен, «Қызмет» салалық кәсіподағының «Мемлекеттік қызметтің дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Айта кету керек, бүгінгі таңда қала әкімдігінде 171 мемлекеттік қызметші еңбек етеді.

2003 жылдың наурызында БҰҰ Бас Ассамблеясы 23 маусымды Мемлекеттік қызмет күні деп жариялаған қарар қабылдаған еді. Қазақстан бұл мерекені 10 жылдан кейін бекітті – 2013 жылы 23 маусым Қазақстанда да Мемлекеттік қызметшілер күні атанды. Ал 2014 жылдан бастап бұл күн кәсіби мереке ретінде тойлана бастады.

БӨЛІСУ