Аптаның соңғы жұмыс күні Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ Қарауылтөбе ауылында дәнді, майлы және мал азықтық дақылдар бағытында ұйымдастырған семинар-тренинг сәтті өтті деп қорытындылауға әбден болады.
Семинар барысында 30-ға жуық қатысушылар институттың ғылыми-өндірістік алаңдарындағы әртараптандыру бағытында егілген дәнді және майлы дақылдардың өсу жағдайымен танысты. Таныстыру жұмыстарын ғалымдар Лаура Тохетова, Қанағат Бегалиев, Ибадулла Таутенов пен модератор Жанұзақ Байманов жүргізіп отырды.
Семинардың теориялық кезеңінде Камалдин Шермаганбетов – «Қызылорда облысының өсімдік шаруашылығы саласын әртараптандырудың ғылыми-практикалық негіздері» тақырыбында баяндама жасады. 💬 Соңында сұрақ-жауап, пікір алмасу ұйымдастырылып, қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.
Іс-шара 267-бюджеттік бағдарлама — «Білім мен ғылыми зерттеулердің қолжетімділігін арттыру», 100-ішкі бағдарламасы — «Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін ақпараттық қамтамасыз ету (өтеусіз негізде)» аясында ұйымдастырылып отыр. Аграрлық құрылым өкілдерінің жергілікті жерге жақсы жерсінген дәнді дақылдарды өсіруге қызығушылығы артып келеді. Бұл семинар облыстағы аграрлық сала мамандарына жаңа ғылыми негіздегі шешімдерді меңгеруге, тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік берді.

БӨЛІСУ