Арал ауданындағы «Ase Invest» ЖШС «Шаруашылыққа қажетті ұнтақтар шығару» жобасы жүзеге асуда.
Алдағы бесжылдықта аймақта құны 2 трлн. теңгеге жуық 86 инвестициялық жоба іске асырылып, 8 мың 300 жаңа жұмыс орны ашылады.
Өткен жылы өңірімізде құны 37 млрд. теңгені құрайтын 21 жоба іске қосылды. Маңызды ірі жобаның бірі ретінде құны 20 млрд. 900 млн. теңгені құрайтын Қорқыт Ата әуежайының жаңа терминалы атап өтуіміз қажет.
Одан бөлек, шыны зауытының ішінен энергия үнемдейтін құны 15 млн. АҚШ долларын құрайтын 5 млн. шаршы метрлік шыны шығару желісі (6,7 млрд теңге), тамақ өнеркәсібінде 5 жоба (1,6 млрд теңге), логистика саласында 1 жоба (1,6 млрд теңге) іске қосылды.
Нәтижесінде, биыл облыста құны 295,7 млрд теңгені құрайтын 33 жоба жүзеге асырылады.
Оның ішінде ірі жоба – түрік инвесторларымен құны 215 млрд. теңгені құрайтын қуаттылығы 240 мегаваттық жаңа жылу электр орталығы.
Сондай-ақ, жолаушылар вагондарын жөңдеу, техникалық қызмет көрсету кешенінің бірінші кезеңі, заманауи кірпіш шығару, айна, түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өндіру, нан және кондитерлік өнімдерді өндіру жобалары іске қосылады.
Арал ауданында 2025-2028 жылдары құны 180 млрд.теңгені құрайтын 13 жобаның іске асырылуы жоспарланса, биыл оның 6 жобасы іске қосылады (құны 12,1 млрд.теңге).
Оның ішінде, ағымдағы жылы 9 мамырында «Ase Invest» ЖШС түрік инвесторларымен бірлесіп, жүзеге асырылған «Шаруашылыққа қажетті ұнтақтар шығару» зауыты іске қосылды.
Жоба Өңірлік пулға енгізілген, құны 300 млн.теңгені құрайды, зауыт күніне 22 тонна өнім шығаратын болады. Өнімнің 50%-ы экспортқа бағытталады.
Кәсіпорын жобаның екінші кезеңінде ылғал майлықтарды шығаруды жоспарлауда (құны 320 млн.теңге), цех жыл аяғына дейін іске қосылатын болады. Кәсіпорын жалпы 30 адамды жұмыспен қамтиды.
Жобаның жүзеге асырылуы облысымыздың, оның ішінде Арад өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор әсерін тігізетіні сөзсіз.