Мәжіліс төрағасы үшінші сессиядағы Қоғамдық палата жұмысын қорытындылады.

Ақмола облысында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың қатысуымен Қоғамдық палатаның көшпелі отырысы өтті. Онда депутаттар мен сарапшылар Палата мүшелерінің ұсыныстарының іске асырылу нәтижелерін талқылап, VIII шақырылымның үшінші сессиясындағы жұмысын қорытындылады.

Мәжіліс спикері Қоғамдық палатаны құру идеясы еліміздегі ауқымды демократиялық өзгерістер кезеңінде туындағанын еске салды. 

– Біздің көз алдымызда саяси ландшафт түбегейлі өзгерді. Жаңа саяси-құқықтық жүйенің институционалды негіздері қаланды. Билік тармақтары арасында нақты бөлініс жүзеге асты. Жаңа демократиялық партиялық-саяси алаң қалыптаса бастады. Бұл реформалардың қайтарымсыз екенін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет атап өткен болатын, – деді Мәжіліс төрағасы. 

Мәжіліс спикері Қоғамдық палата сарапшыларының заң шығару процесіне және қоғам үшін маңызды мәселелерді Парламент пен Үкімет деңгейінде талқылауға қосқан елеулі үлесін атап өтті. Мәжіліс төрағасы бірқатар ұсыныстың қазіргі уақытта заңнамада нақты нормалар ретінде күшіне енгеніне назар аударды.

Сондай-ақ Ерлан Қошанов Қоғамдық палатаның жұмысын одан әрі жетілдіру жөніндегі ойларымен бөлісті. Ең алдымен, бұл ұсыныстар өңірлердегі қоғамдық кеңестердің жұмысын күшейтуге қатысты болды. Мәжіліс төрағасы сарапшыларға ел дамуының барлық саласы бойынша – экономика мен әлеуметтік саясаттан бастап білім беру, денсаулық сақтау және қорғаныс қабілетіне дейін сараптамалық баяндамалар әзірлеуді ұсынды.

Жұмыс қорытындыларына тоқталған Қоғамдық палатаның төрағасы, депутат Айдос Сарым үшінші сессия аясында Палатаның 9 отырысы өткенін, оның бірі Алматыда, екіншісі Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетімен бірлесіп Атырауда өткенін хабарлады.

Отырыс барысында бейінді комитеттердің төрағалары сөз алып, Қоғамдық палата мүшелерінің заң жобаларына енгізу үшін берген ұсыныстарының қаралу нәтижелері туралы баяндады.

БӨЛІСУ