Бүгін аудандық мәдениет үйінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен енгізіліп жатқан FSM Social ақпараттық жүйесіне байланысты ауқымды түсіндірме жұмыстары ұйымдастырылды. Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев, республикалық жобалық кеңсенің үйлестірушісі Тимур Мұратов, сондай-ақ облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Азамат Мыңбаев қатысты.
Жиын барысында салааралық мобильдік жұмысшы топ FSM Social жүйесінің артықшылықтары мен қызмет көрсету тәртібі жөнінде кеңінен түсіндірме жұмыстарын жүргізді. FSM Social – әлеуметтік қолдаудың тиімділігін арттыруға бағытталған цифрлық жүйе. Бұл жүйе арқылы мұқтаж азаматтарға қолдау көрсету процестері жедел, әділ және сапалы жүзеге асады.
Жиынға қатысушылар мамандарға сауалдарын жолдап, тиісті жауаптарын алды.
Бүгінгі қоғамда қиын жағдайға тап болған отбасыларға уақытылы және жан-жақты көмек көрсету – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Ал бұл саладағы жұмыстардың цифрландырылуы өз кезегінде көмек көрсету жүйесінің сапасы мен жеделдігін арттырады. «FS Social» платформасының енгізілуі – осы бағыттағы тың серпілістің, жаңа бетбұрыстың белгісі. Ең бастысы, бұл жүйе нақты отбасының нақты мәселесін кешенді түрде шешуге бағытталған. Бұл – жай платформа емес, өмірді өзгертетін құрал. Себебі цифрлық шешімнің ар жағында адамның тағдыры тұр.
FSM Social – дер кезінде берілген бір сигналдың бүтін бір отбасының болашағын өзгертуі мүмкін екенін еске салады. Цифрлық жүйе арқылы көрсетілген шынайы жанашырлық – бүгінгі қоғамда әлеуметтік әділеттілік пен адами қамқорлықты нығайтудың жарқын үлгісі. Ал оны жүзеге асыратын – дәл қазір осы платформаны меңгеріп жатқан жергілікті мамандар. Демек, әр сигналдың артында үміт, әр әрекеттің түбінде жауапкершілік бар.