Сырдариялық полицейлер қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан әріптесі полиция лейтенанты Қозыбаев Талғат Есентайұлын құрметпен еске алды.
Еске алу рәсімі барысында бір минут үнсіздік жарияланып, Талғат Есентайұлының құрметіне жасалған ескерткішке гүл шоқтары қойылды.
Небәрі 25 жасында ерлік көрсетіп, бейбіт күннің батыры атанған Талғат Есентайұлы қаза тапқан соң Президент Жарлығымен ІІ дәрежелі жауынгерлік “Айбын” орденімен марапатталды.
Осы қиын да қатерлі қызмет жолында өз өмірлерін құрбан еткен полицейлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Олардың кәсіби қасиеттері, ант пен таңдалған өмір жолына адалдығы құрметке ие.
Айта кету керек, Сыр өңіріндегі білім ошақтарының бірінде кадет сыныбы (алғашқы әскери дайындық сыныбы) ашылды. Сыныпқа ерлік көрсетіп, бейбіт күннің батыры атанған полиция лейтенанты Талғат Қозыбаевтың есімі берілді.
Кадет сыныбы Сырдария ауданының орталығы Тереңөзек кентінің № 131 орта мектебінде ашылды. Салтанатты шараға аудан әкімі Б.Ә.Сәрменбаев, Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция подполковнигі О.Омаров, мектеп ұжымы, аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы және оқушылар қатысты.
Кадет сыныбын ашудағы басты мақсат мектеп оқушылары арасында құқық қорғау қызметінің беделін арттыра отырып, оларға әскери – патриотық тәрбие беру. Мұндағы тәрбиеленушілермен саптық, дене шынықтыру, атыс даярлығы (теория), медициналық дайындық, құқықтық, эстетикалық, алғашқы әскери дайындық, жолда жүру ережесі, патриоттық тәрбие сабақтары жергілікті полиция қызметінің мамандарымен бірлесе отырып жүзеге асырылады.