Қазіргі таңда Арал өңірінде суармалы егіншілік жүйесі күрделі климаттық және экологиялық жағдайларға бейімделуді қажет етеді. Осыған байланысты Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты су ресурстарын ұтымды пайдалануға, егіншілікті әртараптандыруға және топырақ құнарлылығын сақтауға бағытталған ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді.

Көктемгі дала жұмыстары кезінде институттың Қарауылтөбе ауылындағы тәжірибе алаңдарында биылғы маусымға жоспарланған тәжірибелер жүргізілді.  Институт басқарма төрағасының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, техника ғылымдарының кандидаты Жанұзақ Байманов осы алаңдарда атқарылып жатқан жұмыстардың негізгі бағыттарымен таныстырды. Су үнемдеу мен жоғары өнім алуға бағытталған агротехнологиялық тәсілдер зерттелуде. Бұл – өңір үшін ерекше маңызды мәселе.
Күріш атыздарын тиімді басқару – өнім мен су үнемдеудің негізгі тетіктерінің бірі. Осы мақсатта институттың бас ғылыми қызметкері, техника ғылымдарының докторы Серікбай Ыдырысұлы Өмірзақов пен Жанұзақ Байманов ойлап тапқан және патенттелген су деңгейін реттейтін қарапайым құрылғы тәжірибе түрінде сыналып жатыр. Бұл құрылғы сушы мамандардың жұмысын жеңілдетіп, суару режимін тиімді жүргізуге мүмкіндік береді.
Айта кетерлігі, жексенбі күні болуына қарамастан, институттың ғылыми қызметкерлері өздеріне жүктелген тәжірибелік жұмыстарды үздіксіз жалғастырып, маусымдық агротехникалық шараларды уақытында орындау үстінде. Бұл – институт ұжымының кәсіби жауапкершілігі мен өңірдің күрделі мәселелерін шешуге деген шынайы ұмтылысының айғағы.

БӨЛІСУ