Осыдан 11 жыл бұрын тұлымдары желбіреп, жүректері лүпіл қағып мектеп табалдырығын аттаған ұл-қыздар ойы толып, білім нәрімен сусындап жаңа өмірге қадам басты. Олар тағы бір тарихи сәттің куәсі болып, айтулы кезеңді тағылымды естеліктермен толықтырды. Яғни, бүгін ауданымыздағы барлық білім беру мекемелерінде жас түлектерге аттестат табысталды. Білім ошақтарында «Жолың болсын жас түлек» тақырыбымен салтанатты шара ұйымдастырылып, түлектерді үлкен өмірге шығарып салды.
Салтанатты шараға арнайы қатысқан аудандық білім бөлімінің басшысы Садықов Талғат Құрақбайұлы жас түлектерге, олардың ата-аналары мен ұстаздарына жүрекжарды тілегін арнап, түлектердің болашағына сенім білдірді.
2024-2025 оқу жылында Жалағаш ауданы бойынша 450 оқушы “Алтын ұя” мектебімен қоштасуда. Оның ішінде 390 оқушы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Аудан бойынша 16 оқушы «Алтын белгіге» аяқтап, 46 оқушы «Үздік аттестат» иеленуде.