17 маусым күні облыстық білім басқармасының басшысы Есжанов Асқарбек Темірбекұлы азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді. Қабылдауға алдын ала тіркелген тұрғындар қатысып, білім беру саласына қатысты өзекті сұрақтарын, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Қабылдау барысында мектеп инфрақұрылымы, оқулықпен қамтамасыз ету, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға жағдай жасау, мектепке дейінгі ұйымдардың жай-күйі секілді мәселелерді көтерді. Әрбір өтініш жеке қаралып, тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Асқарбек Темірбекұлы азаматтардың көтерген сұрақтары назардан тыс қалмайтынын атап өтіп, кейбір мәселелерді заң талаптарына сәйкес шешу үшін жауапты бөлімдерге тапсырма берді. Ал күрделі сипаттағы мәселелер заңнама аясында кезең-кезеңімен шешілетін болады.
2024–2025 оқу жылының қорытындысы бойынша 11-сыныпты жалпы саны 10 325 оқушы тәмамдап отыр. Оның ішінде 9 646 түлек – мемлекеттік мектептерде, ал 679 оқушы – жекеменшік мектептерде білім алды. Жетістіктерімен ерекшеленген 756 түлек – «Алтын белгі» иегері атанса, 1 028 оқушы – үздік аттестат иеленді. Сонымен қатар, 9-сыныпты 17 035 оқушы аяқтады, олардың 1 924-і үздік аттестатқа лайық деп танылды.
Ашықтық пен қолжетімділік қағидаттары аясында тұрғындар басқарма басшысының қабылдауына egov порталы арқылы, е-otinish бірыңғай базасы немесе басқармаға келіп жазбаша арыз тастау арқылы жазыла алады.