Бүгін Қазалы ауданында орналасқан ортағасырлық Жанкент қалашығында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарына арналған шара өтті.

Шараға Халықаралық Түркі Академиясының президенті Шахин Мұстафаев, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Басқарма басшысы Рига Онаева, Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Жанұзақов, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің проректоры Майнұр Бөрібаева және жауапты жергілікті атқарушы органдар, БАҚ өкілдері қатысты.
Шара барысында 2023-2025 жылдары жүргізілген қазба жұмыстары, табылған жәдігерлерден ұйымдастырылған көрме таныстырылды. Археологиялық экспедицияның жетекшісі Өзбекстан Республикасы, Самарқанд археологиялық институтының археологы Айсұлу Искендерова.

Кеңес дәуірінде бұл қалаға біршама зерттеу жұмыстарын жасаған ғалымдардың бірі — С.Толстов. Алайда, ескі қорғанның орны толыққанды зерттелді де кесіп айту да қиын. Қазіргі таңда тарихи орынды зерттеуге қызылордалық археологтар, Ә.Марғұлан атындағы археология және этнология институты, Миклуко Маклай атындағы этнология және антропология институтының зерттеушілері жұмыс жасап жатыр.

Жанкент қаласы оғыздардың атын жаһанға танытқан Қорқыт атаның туып-өскен жері. Бұл туралы ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан өз еңбектерінде жазған. Академиктің айтуы бойынша, Қорқыт ата VII-X ғасырларда Сыр өңірін мекендеген тұлға. Оның шыққан тегі Оғыздар табына қарасты Қияраттарға жатады. Ал, ол заманда қаңлы тайпасы Қаңлы-қыпшақ не болмаса Оғыз-Қыпшақ деп айтылған. Әрі астанасы Сырдария бойындағы Жанкент қаласы болды дейді. Сондай-ақ, екінші ұстаз Әбу Насыр әл-Фарабидің де Жанкент шаһарына табан тірегені туралы мәліметтер бар. Бойындағы дарынымен әлемді тамсандырған әл-Фарабидің күйшілік өнері де болған екен. Арун-Рашид дәуірінде әл-Фарабиді Бағдатқа Жанкенттен арнайы алдыртып, оның әдемі күйлерін ел-жұрт сүйсіне тыңдаған деген де деректер кездеседі.

Жанкенттің тарихын зерделей отырып, бұл қаланы заманында саудасы қызып, өнері мен мәдениеті қарыштап дамыған мекен болды деуге негіз бар. Ұлы ғұламалар өмір сүрген шаһар орнының ашылмаған қырлары әлі де ашыла бермек.

БӨЛІСУ