Биыл 170 мыңнан астам студент колледж бітіреді.
Бүгінде Қазақстан колледждері металлургия, машина жасау, көлік, энергетика, IT, құрылыс және инженерия сияқты экономиканың 15 негізгі бағыты бойынша мамандар даярлауда.
2024–2025 оқу жылының қорытындысы бойынша елдегі техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін 170 мыңнан астам студент тәмамдайды. Олардың ішінде 123 мыңы – жұмысшы мамандықтары бойынша, 27 мыңы – дуалды оқыту жүйесі арқылы, ал 10 мыңнан астамы – кәсіпорындардың мақсатты тапсырысы бойынша білім алды. Жұмыспен қамту көрсеткіші 81%-ды құрады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биылғы 1 қыркүйектен бастап сұранысқа ие техникалық мамандықтар бойынша оқыту толықтай тегін болады. Мемлекеттік гранттардың 70%-ы дәл осы техникалық бағыттарға бөлінеді. Бұдан бөлек, кәсіпорындардың өтінімдері бойынша шамамен 10 мың студент білім алады.
Биыл Сыр елінде де жастардың, оның ішінде жұмысшы мамандықтар бойынша білім алатын жастарға байланысты мемлекеттік тапсырыстың көлемі 700 орынға артып отыр. Жыл ішінде «Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аударуын ұйымдастыру» жобасы аясында жұмыс күші жетіспейтін Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ұлытау, Абай облыстарына қоныс аударуға бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін өткізу де жалғасын табады. Биыл еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы мамандықтар бойынша 525 жұмыссызды қысқа мерзімді курстарға оқыту жоспарланса, «Скиллс Еңбек» электронды білім беру порталы арқылы тегін біліктілігін арттыру курстарынан өткізу көзделуде. Осы онлайн оқыту платформасында жаңа дағдыларды үйретуге арналған 848 курс қолжетімді, бұл курстардан өткен жылы облыс бойынша 3 мыңнан аса жұмыссыз азаматтар өтсе, биыл 20 мыңнан аса адамды қамту межеленген. Электрондық еңбек биржа порталына өзгеріс енгізіліп оқушылар мен ТИПО студенттеріне оқу мүмкіндігі берілді. Жыл соңына дейін облыстық білім басқармасымен, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетімен бірлесіп «Жұмысшы мамандықтарының атласы» әзірленеді. Аталған атлас еңбек нарығындағы болашағы бар мамандықтарға сұраныс пен ұсынысты айқындайтын болады.