Сығанақ қаласының атауы Х ғасырдан бастап түркі және парсы-араб тарихшыларының (Мұхаммед Джувейни, Махмұд Қашқари, Фазлаллах ибн Рузбихан, Әбу Шама әл-Мақдиси) жазбаларында кездеседі.  Ортағасырлық деректерге қарағанда, қала XI-XIII ғғ. ДЕШТІ-ҚЫПШАҚ елінің ХІІІ-XIY ғғ. Ақ Орданың, XY- XYІІ ғғ. Қазақ хандығының елордасы болған. Түрлі тарихи кезеңдерді басынан өткізген қалаXYIII ғасырға дейін өмір сүргені мәлім.

Сығанақтың «Қыпшақ даласының айлағы» деп аталуы  әйгілі Ұлы Жібек жолы бойындағы қаланың шаруашылығы мен әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жоғары деңгейде дамығандығын аңғартады.

Сығанақ қаласы өз заманында мәдениеті өркендеген, өнері өрістеген ірі рухани білім орталықтарының бірі болды. Алтын Орда дәуіріне жататын елеулі туындылардың бірі «Хұсрау мен  Шырын»  поэмасы (авторы: Құтб шайыр) осы Сығанақ шаһарында жазылды.

Сондай-ақ, деректерде шығармалары шығыстық ақыл-ой жауһарлары санатында аталатын дарынды ғұлама һисамиддин Сығнақидың осы қалада дүниеге келгендігі айтылады.

Парсы тарихшысы Фазлаллах ибн Рузбиханныңжазуына қарағанда қала XY-XYII ғғ. Қазақ хандығының  астанасы болған. Осы тарихшының өзі қалада жиі болып,  қаланың базарына Орта Азияның түкпір-түкпірінен сауда керуендерінің келетіндігін, Дешті-Қыпшақ қалаларында қайнаған сауда  базарының болатындығын жазады.  Бұл тарихи мәлімет қаланың Ұлы Жібек жолының төрт құбыласықиылысқан аса қолайлы жерде орналасқандығын көрсетеді.

ХІХ-ХХ ғасырларда қала орнын алғаш П.И.Лерх, Е.А. Смирнов,  В.А. Каллаур, т.б. орыс ғалымдары зерттеді.  Өткен ғасырдың 70-жылдары К.Ақышев, К.Байпақов сынды отандық археологтар зерттеу жұмыстарын жүргізіп, Сығанақтың Дешті-Қыпшақ даласындағы Отырардан кейінгі атақты екінші қала саналатындығы жөнінде ғылыми тұжырым  жасаған.

2014 жылдан бастап Сығанақ қаласының тарихи орнында Қызылорда облысының әкімдігініңқолдауымен кешенді қазба жұмыстары жүргізілуде.

Қалашықтың қорғау аймағы – 309,6 гектар, қорғалатын табиғат ландшафты аймағы – 739,6 гектарды құрайды.

Сығанақ қалашығы бүгінде ЮНЕСКО-ның алдын-ала тізіміне және «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Республикамыздың «Жалпыұлттық қасиетті нысандар» тізіміне енген.

БӨЛІСУ