АҚШ-тың көші-қон және кеден полициясының (ICE) деректеріне сүйенсек, 2024 жылғы 24 қарашадағы жағдай бойынша депортация тізімінде 369 қазақстандық болған. Сенат кулуарында журналистер министрдің орынбасары Әлібек Бақаевтан осы жайтқа қатысты пікір сұрады.
“Сыртқы істер министрлігі АҚШ аумағында заңсыз жүрген Қазақстан азаматтарына заңсыз жүргенін жариялап, штат аумағынан еркін кетуге мүмкіндігі бар екенін ескертті. Салдары болатынын ескерттік”, – деді Бақаев.
Министрдің орынбасары мәжбүрлі депортация жағдайында қазақстандықтарға қандай шектеулер төнуі мүмкін екенін айтты.
“АҚШ аумағына кіру жабылады. Тағы қандай шаралар қолданылатынын білмеймін, бұл – штаттың саясаты, сондықтан ерікті түрде кету бұған дейін де болды және солай болып қала береді деп ойлаймын. Мұндай мүмкіндік Қазақстан азаматтары үшін де бар. Бұл мүмкіндікті пайдаланбайтындар мәжбүрлі депортацияға ұшырауы мүмкін”, – деп түсіндірді ол.
Еске салайық, бұған дейін АҚШ-та Трамптың инаугурациясынан кейін мигранттарға қарсы рейдтер басталатыны хабарланды.
Алғашқы рейдтер Чикагода, кейін Нью-Йоркте, Лос-Анджелесте, Денверде және Майамиде өтетіні айтылды. Бұрын қылмыс жасаған адамдарға ерекше назар аударылмақ. Бұған АҚШ иммиграциялық және кедендік бақылауының 200-ге жуық қызметкері қатысады.
Кейінірек АҚШ-тағы елшілік қазақстандықтарға ереже қатаңдағанын ескертті.