Қазіргі уақытта тұрақтандыру қорында жалпы көлемі 1000 тонна картоп  сақтаулы. Өнім әлеуметтік дүкендер желісіне 135 теңгеден, ірі сауда үйлеріне 143 теңгеден босатылып жатыр. Ал нарықта 380 теңгеден сатылуда.

«Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы Тұрақтандыру қорының жұмысы жөніндегі басқарма басшысы Мейрамбек Серікбайдың айтуынша, биыл форвардтық жүйе арқылы жергілікті өндірушілер мен тікелей кәсіпкерлермен картоп өнімін сатып алу жөнінде келісімшарт жасалған. Аталмыш өнім қоры арқылы өңірімізде 3 айдан аса уақытта баға тұрақтылығын сақтауға мүмкіндігіміз бар дейді.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінің қымбаттауына жол бермеу үшін тұрақты мониторинг жүргізіледі. Сондай-ақ, қаламыздағы 37 әлеуметтік дүкен мен 21 үй жанындағы дүкен және 10-нан аса ірі сауда үйлері арқылы тұрақтандыру қорының өнімдері 10-15%-ға төмен бағада сатылуда.

Айта кетейік, бүгінде тұрақтандыру қорында құны 1 млрд 241,6 млн теңге болатын 3 869,3 тонна азық-түлік бар. Бұдан бөлек, келісімшартқа сәйкес әлі де жеткізушіде 518,9 млн. теңге сомасын құрайтын 8 665,5 тонна өнім қоры бар.

БӨЛІСУ