Бүгін Қызылордада ас беру мәдениеті мен жаназа, жерлеу рәсімдерін бір ізділікке түсіру мәселесіне қатысты облыстық ардагерлер кеңесінің кеңейтілген алқа отырысы өтті.
Достық үйінде өткен мәжіліске аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалары мен мүшелері, Сыр өңірінің бас имамы Дастан Құрманбаев бастаған қала және аудан мешіттерінің бас имамдары және дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» теолог мамандары, БАҚ өкілдері қатысты.
Басқосуда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Әбішұлы «Ас беру мәдениеті» тақырыбында баяндама жасап, құдайы ас дастарханына арналған ас мәзірін қабылдауды ұсынды.
Сонымен қатар Бас имам Дастан Жанасұлы «Жаназа мен жерлеу рәсімдерін бірізділікке түсіру және ысырапшылдыққа жол бермеу» тақырыбында насихат айтып,
зират басына зәулім ескерткіштер, сәнді қоршаулар салуға болмайтынын жеткізді.
Жиын соңында “Құрмет” орденінің иегері, Жаңақорған ауданының құрметті азаматы Нұртазаев Бақыт Әбдіғаппарұлы үндеу мәтінін оқыды.
«- Марқұмды жерлеуде аста-төк дастархан жаймауға;
– Діни дәстүрде жоқ марқұмның қонақасын алыстан келген қонақтармен шектелуге;
– Жаназа намазы мен марқұмның жылдық аына дейінгі ас беруде ақша таратпауға және аталыққа шапан, ақша таратпауға;
– Жаназа намазын міндетті түрде мешіт имамдарының қатысуымен өткізуге;
– Зәулім зираттаи мен қымбат құлыптастар тұрғызбауға;
– Руға бөлініп, бейіттер тұрғызбауға;
– Қаза болғаннан бастап қырқы, жүзі, жылдық ас беру кезінде бекітілген ас мәзірін қатаң сақтауға үндейміз!» делінген үндеуде.
Қазақстанның барлық аймағында шариғат шеңберінде, салт-дәстүрімізді ескере отырып, отбасылардың әлеуметтік жағдайына салмақ салмайтын және ысырапқа жол бермейтін құдайы ас беру мәдениетін қалыптастыру және насихаттау. Құдайы ас беру ата-бабамыздан келе жатқан халықтық дәстүр мен ұлттық мәдениетіміз болғандықтан, оның бүгінгі заман талабына сай кейбір тұстарын бір ізге келтіріп, келешек ұрпаққа аманат ету.
Әр халықтың өмір салтына қатысты қалыптасқан өз әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі бар. Қазақ халқының сан ғасырлардан бері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлттық дәстүрлері, соның ішінде діни-танымдық ғұрыптары кеңінен қалыптасқан.
“Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар” демекші, болашақ ұрпақ үшін дұрыс бағдар беріп, жөн сілтеу мақсатында дәстүрлі діни жөн-жоралғыларымызды шариғи һәм ғылыми тұрғыдан саралап жүзеге асыру – заман талабы. Қоғамда көрініс тауып отырған, шариғат пен дәстүрге сәйкес келмейтін шындығынан жорамалы басым, пайдасынан зияны көп кейбір әдеттердің ел арасында етек жая бастауы кім-кімді де алаңдатпай қоймайды. Әсіресе, қайтыс болған кісіні арулап көміп, жаназасын шығарғанда, жетісі, қырық күндігі, жыл толуына байланысты және тағы басқа шараларда дастархан жайылғанда дінімізде нақты талап етілмеген, салт-дәстүрімізге сай келмейтін, ақырет үшін пайдасыз кейбір әдеттер қоғамда белең ала бастады. Мысалы, жақынынан айырылып отырған қаралы шаңырақ “көпшілікке ас беру – перзенттік міндетіміз” деп дастархан жайып, шектен тыс шығын жасап, астатөк, ағын-төгін дастархан жаюда. Бұл орташа табысы бар көптеген отбасыларға ауыртпашылық тудыратыны сөзсіз. Сондықтан бүгінгі күні еске алу іс-шараларын ұйымдастыру және өткізу мәселесі шариғат заңдары мен салт-дәстүр бойынша реттеуді талап етеді.