Тәуелсіздік күні қарсаңында «Менің Қазақстаным» атты ардагерлер арасында қалалық ән байқауы өтті.

Бүгін А. Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде ел игілігі үшін аянбай еңбек еткен зейнет демалысындағы ардагерлердің бос уақытын тиімді өткізу, аға буын өкілдері арқылы жастарға ұлттық тәрбие беру және ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовтың халық жадында мәңгілікке сақталған есті әндерін насихаттау мақсатында 16 желтоқсан ҚР Тәуелсіздік күніне орай «Менің Қазақстаным» атты Шәмші Қалдаяқов әндерінен ардагерлер арасындағы қалалық ән байқауы өтті.
Байқауға Қызылорда қаласынан барлығы 32 ардагер ата-әжелеріміз қатысып, бақ сынасты. Талапкерлерге сәттілік тілеген қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шәкизат Хамитұлы мұндай форматтағы шаралардың берері мол екенін тілге тиек етті.
2 кезеңде өткен байқауға композитор, ҚР «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Сәбит Ұлықпанұлы, әнші, ардагер-ұстаз, Күләш Байсейітова атындағы медальдың иегері, халықаралық конкурстардың лауреаты Ғалымбек Сүлейменов, білім саласының ардагері, Бүкіл одақтық фестивальдың лауреаты Заруха Әлімбетова қазылық жасады.
Нәтижесінде Сүлейменова Құрбанкүл, Мусаева Кенже, Умирбаева Асма ІІІ-орын иеленсе, Бахтиярова Раиса, Назаров Сұлтан ІІ-орынды місе тұтып, Тұрсынбекова Күлжамал жүлделі І орынды жеңіп алды. Байқауға қатысқан барлық ардагерлерге қала әкімінің алғыс хаты мен бағалы сыйлықтар табысталды.

БӨЛІСУ