Бүгін азық-түлік тауарларына баға белгілеудің бүкіл тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі комиссия негізінде құрылған жұмыс тобы мүшелері облыс орталығындағы ірі сауда орындарды аралады.
Ең алдымен комиссия мүшелері «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының Тұрақтандыру қорына барып, ондағы азық-түліктердің сақталу барысымен танысты. Сондай-ақ, күнделікті әлеуметтік дүкендер мен сауда үйлеріне тараталытын тауарлардың сапасын тексерді.
Сауда объектілерін аралау барысында кәсіпкерлік субъектілеріне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына сауда үстемесін негізсіз көтермеу, сауда үстемесін 15%-дан асырған жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық фактісі бойынша шаралар қолданылатындығы туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар, сауда нысандарын аралау кезінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына негізсіз баға өсімі болмағандығы және азық-түлік тауарларының қажетті қоры жасақталғандығы байқалды.