Көшбасшылар форумы: шабыт, тәжірибе алмасу, жаңа идеялар.
Бүгін Қызылордадағы NIS-те Назарбаев Зияткерлік мектептері оқушыларының өзін-өзі басқару ұйымы көшбасшыларының «Lead to Inspire: Шабытқа жетелеңіз» атты форумы ресми түрде бастау алды.
«Мен және менің мотивациям» пленарлық отырысында әр өңірден келген белсенді зияткер Сыр өңірінің танымал тұлғаларымен кездесіп, шабыт алды. «Qyzylorda» облыстық телеарнасының директоры Нұрбек Амиша ағылшын тілін ересек жаста меңгеріп, Ұлыбританияда магистр дәрежесін алғаны туралы баяндады және оның ерік-жігер мен өзін-өзі дамытуға деген ұмтылыстың жарқын мысалдары қатысушы бойында ерекше әсер қалдырды.
Kyzylorda Hub технопаркінің жетекшісі Жанарыс Түбекбаев заманауи көшбасшының басты қасиеттерін атап өтті. Яғни адамдарды шабыттандыру қабілеті, командада жұмыс істей білу және стандарттан тыс шешімдер қабылдау дағдыларының маңызы туралы сөз етті. Ал жасанды интеллект саласының сарапшысы Нұрлан Құлмырзаев оқушылардың өзін-өзі басқару жүйесіне AI енгізу идеяларын ұсынды. Бұл делегаттар бойында үлкен қызығушылығын тудырды.
«Осы форум барлығымыз үшін өте жемісті сапалы білімге толы болатынына сенімдімін. Нағыз көшбасшыға сай қасиеттерін дамытып қана қоймай, мектеп жүйесіне өзгерістер енгізу арқылы басқа оқушыларды қарқынды түрде тартуға негіз болары анық», – деп ой бөлісті «НЗМ» ДББҰ-ның менеджері Әсел Бабажан.
Әрі қарай делегаттар оқушылардың өзін-өзі басқару көшбасшылары өз жобаларын таныстырды. Талқылау барысында оқушыларды ынталандыру, волонтерлік, әлеуметтік жауапкершілік және мектепте жайлы атмосфера құру мәселелері көтерілді.
Тренингтер бөлімінде қатысушылар көшбасшылық қағидалармен танысып, шабытты қайдан іздеу керектігімен және мектеп жобаларын әлеуметтік желілер арқылы қалай тиімді жүзеге асыруға болатынын тәжірибелік жұмыстар арқылы меңгерді.
Сондай-ақ, қатысушылар үшін түрлі жағдайлық кейстерді талқылау алаңы ұйымдастырылып, күрделі мәселелердің тиімді шешімдері қарастырылды.
Форумның алғашқы күні өзара әрекеттестік, қолдау және тәжірибе алмасу оқушылардың өзін-өзі басқару саласындағы жаңа ашылулар мен табыстарға катализатор бола алатынын көрсетті.